Словенияның бұрынғы Премьер министрі Миро Церар Қазақстан Халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады

Словенияның бұрынғы Премьер министрі Миро Церар Қазақстан Халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады

Любляна, 2026 жылғы 22 сәуір – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словенияның экс‑Премьер‑министрі, Любляна университетінің профессоры және заң факультетінің деканы Миро Церармен кездесу өткізіп, қазақстан‑словениялық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында Елші Қазақстанда 15 наурызда өткен референдумның нәтижелері, жаңа Конституцияның қабылдануы және Президент Қасым‑Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси және конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысы туралы жан‑жақты ақпаратпен бөлісті. Ол жаңа конституциялық модельдің институттарды нығайтуға, әлеуметтік‑саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және заманауи құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Миро Церар аталған өзгерістерге жоғары баға беріп, Қазақстан Халқын және Президентін жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады, сондай‑ақ референдум барысында көрініс тапқан кең қоғамдық қолдаудың елдің негізгі заңын қабылдаудағы тарихи маңызын атап өтті.

Кездесуде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақстандық дипломат биылғы жылдың Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар жылы деп жарияланғанын, ал цифрландырудың ашықтықты арттыру мен бюрократияны қысқартудың негізгі құралына айналып отырғанын айтты. Өз кезегінде словениялық заңгер жасанды интеллектіні реттеуде этика, адам құқықтары және халықаралық қауіпсіздік аспектілерін ескере отырып, теңгерімді құқықтық тәсіл әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар экология және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастық перспективалары бойынша пікір алмасты. Елші Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммиттің негізгі күн тәртібі мен басымдықтары туралы ақпарат беріп, оның климаттық бастамалар, жасыл технологиялар және су ресурстары мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналатынын атап өтті.

Кездесу соңында Миро Церар Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін растап, ҚР Конституциялық Сотымен және еліміздің жетекші құқықтық институттарымен кәсіби байланыстарды дамытуға мүдделілік білдірді. Тараптар құқықтық, академиялық, цифрлық және экологиялық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін қуаттады.