Қазақстан мен Словения ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Словения ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Любляна, 2026 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения Үкіметінің Ұлттық ядролық бағдарламасы мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Даниэль Левичармен кездесуде энергетика және атом салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

А.Әбибуллаев Қазақстан Еуропаның негізгі энергетикалық серіктестерінің бірі ретіндегі рөліне назар аударып, Республика ЕО-да мұнайдың екінші жеткізушісі болып табылатынын және энергетикалық маршруттар мен көздерді әртараптандыру саясатын дәйекті түрде жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда әңгімелесушіге Словениядағы автожанармай құю станцияларының өз желісі бар KMG International/Rompetrol компаниясының қатысуы да хабарланды.

Атом энергетикасындағы өзара әрекеттесу әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұрғаны және Ұлттық референдумда қолдау тапқан атом электр станциясының құрылысын қоса алғанда, өзінің атом саласын белсенді дамытып жатқаны атап өтілді. Қазақстанда ядролық қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасының маңызды элементі ретінде төмен байытылған уран банкінің бірегей рөлі назар аударды.

Қазақстанның Елшісі уран отын жинақтары мен атом энергетикасына арналған компоненттерді қоса алғанда, ядролық отын жеткізу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп пен Словенияның бейінді Атом құрылымдары арасындағы меморандумға қол қою арқылы негіздемелік өзара іс-қимыл орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Соңында қазақстандық дипломат Д.Левичарды ынтымақтастықтың келешегін талқылау үшін Қазақстанға келуге шақырды.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Кршко-да АЭС-тің екінші энергоблогын салу жобасын іске асыруды қоса алғанда, мемлекеттік хатшы ретінде өз қызметінің басымдықтарын ұсынды. Бұл тұрғыда Словения Westinghouse Electric Company және EDF сияқты халықаралық серіктестермен жобаны технологиялық қолдау және қаржыландыру мәселелері бойынша белсенді жұмыс істейтіні хабарланды.

Словениялық тарап ядролық отын жеткізілімдерін әртараптандырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, Қазақстаннан жеткізілімдерге қызығушылық танытты. Осыған байланысты ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөніндегі бастама қолдау тапты, сондай-ақ Қазақстанның ядролық отын өндіру және жеткізу саласындағы мүмкіндіктері туралы Кршко атом электр станциясының басшылығын хабардар ету ниеті атап өтілді.

Д.Левичар сондай-ақ Қазақстанның Төмен байытылған уран банкінің жұмыс істеу тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, Словенияда атом энергетикасын дамытуға жауапты Gen energija ұлттық энергетикалық компаниясымен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және тұрақты жеткізу тізбегін дамытуды қоса алғанда, энергетика саласында ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестікті қалыптастыруға өзара мүдделілігін растады.