
Витанье, 2026 жылғы 13 сәуір – Витанье муниципалитетіндегі Герман Поточник Нордунг атындағы Ғарыш технологиялары орталығында адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуының 65 жылдығына арналған салтанатты іс‑шара өтті. Бұл тарихи оқиға Юрий Алексеевич Гагариннің Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа жасаған тұңғыш сапарымен байланысты.
Словения Республикасындағы Ресей Федерациясының Елшісі Т.Р. Эйвазовтың шақыруымен іс‑шараға Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі А.И. Әбибуллаев, Витанье мэрі А.Погоревц және Орталық директоры Н.Павлич Бречко қатысты. Қатысушылар Ю.А. Гагариннің бюстіне, сондай‑ақ әлемдік ғарыш ғылымының көрнекті өкілдері – С.Королёв, К.Циолковский, Г.Поточник Нордунг және Г.Обертің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Бұл тұлғалардың есімдері орталық аумағында құрметпен ұлықталған.
Сапар барысында қонақтар Орталықтың алғашқы теориялық тұжырымдар мен инженерлік жаңалықтардан бастап, қазіргі заманғы технологиялар мен халықаралық жобаларға дейінгі ғарыш ғылымының даму жолын қамтитын экспозицияларымен танысты. Іс‑шара ғылыми‑техникалық ынтымақтастықтың маңыздылығын және қазіргі ғарыш зерттеулерінің халықаралық өзара түсіністікті нығайтып, бейбіт прогреске ықпал ететін сала ретіндегі рөлін айқындады.
Байқоңыр ғарыш айлағынан Жердің алғашқы жасанды жерсерігінің ұшырылуына 70 жыл толуына орай (1957 жылғы 4 қазан) Қазақстанның Словениядағы Елшісі А.И. Әбибуллаев Герман Поточник Нордунг атындағы Еуропалық ғарыш технологиялары орталығында Байқоңыр ғарыш айлағына және Қазақстанның қазіргі ғарыш бағдарламаларына арналған арнайы стенд ашу бастамасын көтерді. Қатысушылар ғарыш саласының тарихи мұрасын сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Ғарыш жетістіктері жас буын үшін шабыт пен ғылыми ізденістің сарқылмас қайнар көзі болып қала береді.