
Брдо-при-Краню, 2026 жылғы 20 наурыз - Еуразия халықтарының жаңару, үйлесім және бірлік идеясын бейнелейтін ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения мен Хорватияның 74 Құрметті консулы және Балқан өңірінің іскер топтары өкілдерінің арнайы басқосуында құрметті арнайы қонақ ретінде сөз сөйледі. Іс-шара Словенияның мемлекеттік резиденциясы – Брдо Конгресс орталығында өтті.
Қазақстан дипломаты республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның мазмұнына егжей-тегжей тоқталып, еліміздің заманауи келбетін – қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз бен Еуразия көлік-логистикасының маңыздылығына назар аударды. Ол Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіпті, цифрлық технологияларды дамытуға және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған реформалар туралы айтты.
Елші өз сөзінде Құрметті консулдардың заманауи дипломатияны дамытудағы, халықаралық байланыстарды нығайтудағы, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен туризмді кеңейтудегі маңызды миссиясын ерекше атап өтті. Консулдар өз кезегінде 2028 жылдың екінші жартысында Алматыда өтетін Консулдардың дүниежүзілік федерациясының (FICAC) кезекті отырысына белсенді қатысу ниетін растады.
Іс-шара барысында 2024 жылы Люблянада Қазақстан Елшілігінің ашылуынан кейін айтарлықтай жандана түскен қазақстан‑словен ынтымақтастығын нығайту мәселелері де талқыланды. Елші 2025 жылы Словения Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға жасаған ресми сапарының екіжақты қатынастар үшін ерекше маңызын атап өтті. Қатысушылар 2026 жылды Президент жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жаңа мүмкіндіктер ашатын «AI & Digital Bridge» бизнес-форумына шақырылды.
Кездесу қатысушылары Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шынайы қызығушылық білдіріп, мұндай іс-шаралардың елдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. 2027 жылы Қазақстан мен Словения дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді, бұл серіктестікті тереңдетуге қосымша серпін бермек. Кездесудің сәнін келтірген қазақстандық виолончельшілердің өнер көрсетуі ерекше көңіл-күй қалыптастырып, Қазақстанның бай мәдени алуан түрлілігін айшықтады.