Қазақстан мен Марибор өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесулер

Қазақстан мен Марибор өңіраралық ынтымақтастықты  нығайтуға бағытталған кездесулер

Любляна, 2026 жылғы 10 ақпан – Өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту шеңберінде Елші Алтай Әбибуллаев Марибор қаласының әкімі (Словениядағы екінші ірі қала) Александр Арсеновичпен кездесуде муниципалдық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Тараптар екі елдің өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды тереңдетудің жоғары әлеуетін атап өтіп, нақты бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілік білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша экономика, қалалық инфрақұрылым, су ресурстарын басқару, білім беру, мәдениет және тұрақты даму салаларындағы өзара іс-қимылдың институционалдық негіздерін қалыптастыру мақсатында Марибор мен Қызылорда облысы арасында өңіраралық ынтымақтастық орнатуға ниет танытылды. Словен қаласының әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен егжей-тегжей танысты. 

Сонымен қатар, өңірге сапар аясында қазақ Елшісі Штаерлік сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және өкілдерімен - өңірдің іскер топтарының өкілдерімен жүздесіп, Қазақстан мен Штаерска өңірі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту болашағын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сауда, экология, инвестициялар мен шетелдік туристер ағымын аймақта кеңейту, словен компанияларының Қазақстан мен Орталық Азия елдері нарығына шығу мүмкіндіктерін талқылады.

Елші словен іскер топтарына еліміздің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шаралары және өнеркәсіп, логистика, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері мен инновациялық технологиялар туралы хабардар етті. Өзара сауданы ұлғайту мен бірлескен жобаларды іске асырудың негізгі факторы ретінде елдеріміздің мүдделі іскер топтары арасындағы тікелей диалогтың маңыздылығы аталып өтілді.

Мариборға Қазақстанның Құрметті консулдығының қолдауымен ұйымдастырылған Елшінің өңірлік сапары тараптардың өңіраралық деңгейде қазақ-словен ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге деген өзара мүдделілігін тағы да растап, практикалық өзара тиімді әріптестікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып танылды.