Любляна, 2025 жылғы 15 желтоқсан – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілету жөніндегі SPIRIT Slovenia агенттігінің директоры Тамара Зайц Балажичпен кездесу өткізді. Кездесу барысында 2026 жылғы наурыз айында Словения Президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапарының және оның аясында өткен қазақ-словен бизнес-форумының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты тетіктері талқыланды.
Тараптар бірқатар басым әрі келешегі зор бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, фармацевтика саласы, жасанды интеллект пен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Копер порты мен Орта дәлізді қамтитын көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ гидроэнергетика, жылыжай технологиялары және заманауи ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл, инновациялық және орнықты шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды.
Халықаралық нарықтарда қазақстандық шикізаттық емес экспортты «Made in Qazaqstan» брендімен ілгерілету аясында Словенияның ұлттық брендтерді қалыптастыру және ілгерілету саласындағы табысты тәжірибесіне ерекше мән берілді. Атап айтқанда, «I feel Slovenia» және «Slovenia: Green. Creative. Smart.» брендтері еуропалық және жаһандық деңгейде «Made in Slovenia» ұлттық экспортын, инвестициялық және туристік тартымдылықты ілгерілетудің айқын визиттік картасына айналғаны атап өтілді.
«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның серіктесі ретінде SPIRIT Slovenia агенттігі экспортты қолдаудың ұлттық институты QazTrade ұйымымен жүйелі өзара іс-қимыл орнатуға, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның V отырысын Люблянада бірлесіп ұйымдастыруға, сондай-ақ 2026 жылдың екінші жартысында Словенияның Қазақстанға бизнес-миссиясын ұйымдастыруға ерекше қызығушылық танытты. Аталған бастамалар жаңа бірлескен инвестициялық және кооперациялық жобаларды іске қосудың маңызды қадамы ретінде қарастырылуда.