Любляна, 2025 жылғы 19 тамыз - Словения астанасында Қазақстанның Елшісі Данияр Сарекенов Словенияның цифрлық трансформация министрі Ксения Клампфермен кездесті. Елші соңғы жылдары цифрлық трансформация көшбасшыларының біріне айналған Қазақстанның жетістіктері туралы айтып берді. Қазақстанның Мемлекеттік қызметтер мен қаржы секторын цифрландырудағы жетістіктеріне ерекше назар аударылды, мұнда заманауи веб-платформалар мен мобильді қосымшалар азаматтарға тиісті сервистерге ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Кездесу аясында сондай-ақ Astana Hub қызметі және қуатты суперкомпьютер негізінде Alem ai халықаралық жасанды интеллект орталығын құру жоспарлары таныстырылды. Бірыңғай орта шеңберінде орталықта оқушылар мен студенттерге арналған білім беру бағдарламалары, "стартаптар фабрикасы" және кәсіпкерлерді қолдауға, инновациялық өнімдерді құруға және технологиялық командаларды дамытуға бағытталған акселерациялық тректер іске асырылатын болады, big Tech әлемге әйгілі өкілдерінің зертханаларында жас компаниялар жаһандық технологиялық компанияларда қолданылатын нақты кейстер мен құралдарға қол жеткізе алады.
Министр Клампфер азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдету бойынша Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, ғылыми ынтымақтастық, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және цифрлық платформалар саласындағы бірлескен жобалардың перспективаларын атап өтті.
Кездесу соңында қазақстандық дипломат Министрге Астанада өтетін Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысуға ресми шақыруды беріп, Қазақстан мен Словения арасындағы цифрлық экономиканы, инновациялық әріптестікті және білім беру бастамаларын дамытудағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті.