Лиссабон, 2025 жылғы 27 сәуір – Португалия астанасында, Астанадан алты мың шақырым қашықтықта, Наурыз мейрамы мен алдағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшілігі мен осы елде тұратын қазақ диаспорасының белсенді қолдауымен ұйымдастырылған шара қазақ қауымдастығының өкілдерін, студенттерді және еліміздің тарихы мен мәдени мұрасына қызығушылық танытатын португалиялық достарды біріктірді.
«Жыл басы – Наурыз, ел басы – ынтымақ!» – деп жиналған қауымды құттықтады Қазақстанның Елшісі Жан Ғалиев. «Бұл ата-бабаларымыздан қалған ұлағатты сөз бізге көктеммен бірге табиғат қана емес, адамдардың да жан дүниесі жаңарып, жүректер мен есіктер айқара ашылатынын еске салады. Ынтымақ - қоғамның берекесінің негізі. «Біздің күшіміз – бірлікте» деген ұран халқымыздың ұлттық кодын - ауызбіршілік пен өзара қолдаудың қуатын бейнелейді», - деп атап өтті ол.
Мерекелік іс-шарада дәстүрлі және заманауи мәдениеттің үйлесімі көрініс тапты. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – баланың өмір жолындағы алғашқы қадамын бейнелейтін көне салт - «Тұсаукесер» рәсімі болды. Сондай-ақ, жас буын арасында өткізілген «Наурыз - жас ұрпақтың жүрек төрінде» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қонақтардың ерекше ықыласын жаңа өмірдің, бейбітшілік пен достықтың, үміттің нышаны саналатын алма ағашын отырғызу сәті тартты. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз - қазақ халқының көнеден келе жатқан төл дәстүрлерінің ажырамас бөлігі. […] Халқымыздың игі салтын жалғастыра отырып, бұл күні біз ағаш отырғызып, бұлақ көзін ашып, қоршаған ортаны көріктендіреміз», - деп атап өткен болатын.
Мерекелік көңіл-күйді қазақ диаспорасының мүшелері әзірлеген спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама толықтыра түсті. Қонақтар ұлттық домбыра мен сырнай аспаптарында орындалған күйлер мен халық әуендерін үлкен қызығушылықпен тыңдады. Қазақтың көне заманнан келе жатқан «Қамажай» биінің нәзік те әсем орындалуы ұлттық өнердің терең мазмұнын паш етті.
Шараның соңында дәстүрлі қазақ дастарханы жайылып, қонақжайлық пен достықтың жарқын үлгісі көрсетілді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өткен бұл мерекелік шара Португалиядағы көпұлтты қазақ қауымдастығының ынтымағын нығайтуға және екі ел арасындағы мәдени көпірді бекемдеуге өз үлесін қосты.