Лиссабон, 2025 жылғы 24 сәуір - Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалияның Табиғатты және орман шаруашылығын қорғау институты (ICNF) директорлар кеңесінің мүшесі доктор Карлуш Албукерке және ұйымның сарапшыларымен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздің табиғатты қорғау және қоршаған ортаның сапасын жақсарту бағытында жүзеге асырып жатқан экологиялық жобалары мен бастамалары туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, «Жасыл Қазақстан» ұлттық экологиялық бастама таныстырылды. Елші Қазақстан жойылып бара жатқан жануарлар популяциясын қалпына келтіру және қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Қар барысы, киік, Пржевальский-Керқұлан жылқысы мен жек-дуадақ құсы сынды ерекше түрлердің санын арттыру бағытында елеулі ілгерілеушілік бар екені айтылды.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан Іле-Балқаш резерватында Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасына ерекше назар аударылды.
Португалия тарапы Қазақстан Президентінің сирек кездесетін жануарларды табиғи мекендеріне қайтару, олардың санын сақтау мен көбейту бағытындағы бастамаларына жоғары баға берді. Атап айтқанда, еліміздің киіктердің санын қалпына келтіру және қорғау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы оң пікірге ие болды.
Елші тараптар арасында ерекше жануар түрлерін қорғау және олардың популяциясын көбейту, сондай-ақ табиғатты қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
Әңгіме барысында тараптар жойылып бара жатқан жабайы жануарлармен халықаралық сауда туралы Конвенция (CITES) және басқа да табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ұйымдар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында португалиялық тарап жуық арада Қазақстанға сапармен келуге қызығушылық білдірді.