Лиссабон, 2025 жылғы 8 сәуір – Қазақстан шетелдік мамандарға ел аумағында қашықтан өмір сүруге және еңбек етуге мүмкіндік беретін Neo Nomad Visa бастамасы арқылы халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуды жалғастыруда.
Бүгін Қазақстанның Лиссабондағы Елшілігінде Neo Nomad санатындағы алғашқы виза Португалия резиденті - Жорже Роза Фильюге берілді. Ол Еуропа мен Латын Америкасының жетекші технологиялық компанияларында он жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі ІТ маманы. Оның кәсіби қызметі жасанды интеллект саласындағы шешімдер әзірлеуге, интеллектуалдық үлгілерді оқытуға бағытталған.
Қазақстанға алғаш рет 2023 жылы турист ретінде келген Жорже Роза Филью елдің бай мәдени мұрасы, қазақ халқының қонақжай дәстүрі және шығармашылыққа кең мүмкіндіктері арқылы ерекше әсер алғанын айтады. Көрген-білгенінен шабыттанған ол Қазақстанды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы мекен ретінде қарастыра бастаған.
Қашықтан жұмыс істейтін маман ретінде ол цифрлық көшпенділерге қолайлы жағдай жасай алатын жаңа елді іздестіріп жүрген. Қазақстан Елшілігінің әлеуметтік желідегі жарияланымдары мен Diario de Noticias португал басылымындағы мақала арқылы Neo Nomad визасының іске қосылғанынан хабардар болып, батыл әрі маңызды шешім қабылдаған.
Қазақстан Елшілігінің консулы Рүстем Жаппасовпен кездесуде Жорже Роза Филью Қазақстан Үкіметіне алғысын білдіріп, былай деді: «Соңғы жылдары Қазақстанда болып жатқан қарқынды және оң өзгерістер мені шын мәнінде таңғалдырды. Елдің экономиканы жаңғырту жолындағы қадамы, инновацияларға ашықтығы мен шетелден келетін мамандарға, туристерге және инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдайлар - болашаққа сеніммен қарауға негіз. Мен Қазақстанның технологиялық секторына өз үлесімді қосып, осы елдің цифрлық қауымдастығының бір бөлігі болуға, бай мәдениетімен етене танысуға асықпын».
Цифрлық инфрақұрылымы мен жылы климатының арқасында көшпенді мамандар үшін жаһандық орталықтардың бірі саналатын Португалия тұрғыны алғашқы Neo Nomad визасының берілуі - Қазақстанның жаңа бағыт ретінде халықаралық деңгейде қызығушылық тудырып отырғанының айқын дәлелі. Бұл бастама елдің болашаққа бағытталған реформаларының сәтті жүзеге асып жатқанын және оның технологиялық бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын да көрсетеді.