Лиссабон, 2025 жылғы 31 наурыз – Тарихи Праса-ду-Империу алаңында және кейіннен Белен сарайында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Ғалиевтің Португалия Республикасының Президенті Марселу Ребелу де Соузаға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Аудиенция барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Португалия Мемлекет басшысы атына арнаған ізгі тілектері мен сәлемін жеткізіп, Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Португалия Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің өкілдері қатысқан кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейтудің болашағы талқыланды. Инвестициялық өзара іс-қимылды арттыру, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, сирек жер металдарын игеру, көлік, логистика, туризм, медицина және білім беру салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Елші екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге айтарлықтай әлеуеттің бар екенін атап өтіп, сауда айналымының көлемін ұлғайтуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды қалыптастыру бағыты аясында ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асырып жатқан Қазақстан, Португалияны Еуропалық Одақ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы сенімді әріптес ретінде қарастырады», - деп мәлімдеді Ж. Ғалиев.
Президент М. де Соуза 2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Президент Қ. Тоқаевпен өткен кездесуді жылы лебізбен еске алып, Қазақстанның түбегейлі өзгерістер жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Астананың бейбітшіл, белсенді және теңгерімді сыртқы саясатының арқасында елдің халықаралық аренадағы беделінің нығайып келе жатқанын атап өтті. Португалия көшбасшысы екіжақты ықпалдастықты өзара мүдделі салаларда прагматизм рухында кеңейтуге және Қазақстандағы португалдық инвестициялар ауқымын арттыруға дайын екенін мәлімдеді.
Аудиенция соңында Португалия Президенті Қазақстан Президентіне ізгі тілектерін жолдап, Лиссабонда жоғары деңгейдегі кездесуге дайын екенін растады.