Лиссабонда «Жаңғақ тал» көркем фильмі көрсетілді

Лиссабонда «Жаңғақ тал» көркем фильмі көрсетілді

Лиссабон, 2025 жылғы 11 қаңтар – 2025 жылғы 8-10 қаңтар аралығында Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамы (CESS) мен Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Еуропалық қоғам (ESCAS) ұйымдастырған «Геосаясат, көші-қон және Орталық Еуразиядағы бірегейлік» атты халықаралық конференция шеңберінде Лиссабондағы тарихи «Орланду Рибейру» кітапханасында (Biblioteca Orlando Ribeiro) Қазақстан Республикасының Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақстандық «Жаңғақ тал» фильмінің көрсетілімі өтті.

Бұл оқиға конференцияның мәдени бағдарламасындағы басты шаралардың бірі болды. Ол Қазақстанның мәдени мұрасының байлығын португалдық кино сүйер қауымға таныта алды. Халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаға ие болған фильм академиялық орта өкілдеріне, Орталық Азия мамандарына және мәдени қауымдастықтың өкілдеріне ұсынылды.

Қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен адамның эмоциялық әлемін тереңнен аша білген туынды көрермендердің ерекше қызығушылығы мен жылы пікірлеріне ие болды. Көрсетілімнен кейінгі талқылаулар барысында көрермендер фильмнің көркемдік орындалу шеберлігін, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынас, моральдық таңдау және мәдени бірегейлікті іздеу сынды әмбебап тақырыптардың өзектілігін ерекше атап өтті. Конференцияға қатысушылардың бірі: «Жаңғақ тал» - қазақ халқының терең дәстүрлерінің және бай мәдени мұрасының жарқын символы. Бұл туынды португал аудиториясының өңірге деген шынайы қызығушылығын оятып, мәдени байланыстарды нығайтуға өзіндік үлес қосты», – деп атап өтті.

Көрсетілім ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Алентежу аймағына тән «Канте алентежану» әндерін орындау салтанатты рәсімімен аяқталды.

Қазақстанның Португалиядағы Елшілігі конференцияны ұйымдастырушыларға және барлық қатысушыларға қазақстандық мәдениетті қолдағаны және оны халықаралық деңгейде насихаттағаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Лиссабонда «Жаңғақ тал» фильмінің көрсетілімі біздің халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды қадам болды.