«Қазақ хандығы» Португалияда

«Қазақ хандығы» Португалияда

БРАГА, 2022 жылғы 13 желтоқсан - Белгілі қазақстандық кинорежиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинокартинасы ең үздік фильм деп танылып, Еуропалық Парламентпен бірлесіп Брага қаласында жыл сайын өтетін «BRAGACINE» тәуелсіз кино халықаралық фестивалінде Гран-При бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, кинофильм «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясында жеңіске де жетті.

«Біз бұл жобамен бірнеше жыл айналыстық және Қазақстанда бірінші болып толықметражды көркем фильм мен тарихи сериалды іске қостық. Менің ойымша, фильм біздің тарихымызды тек біздің елімізде ғана емес, тыс жерлерде де көрсетуге лайықты», – деп атап өтті Рүстем Әбдіраш.

Қазақстандық фильмді португалдық көрермендердің жылы қабыл алуы осы сөздерді растаған тәрізді. Кино және теледидар саласындағы сарапшылар, сондай-ақ болашақ кинематографистер қазақ тарихымен, мәдениетімен және көшпелі өркениеттің өмірімен қызығушылықпен танысты.

Кинофестиваль директоры, Минью университеті Кинематография институтының профессоры Артур Барроса Морейра Қазақстанның шығармашылық тобын құттықтай отырып, жеңімпаз фильмнің жоғары көркемдік деңгейін атап өтіп, қазақстандық кинематографпен алғашқы танысу шынайы достық пен серіктестіктің бастамасы және жалғасын табатынына үміт білдірді. Фестиваль аясында бірнеше еуропалық дистрибьюторлар қазақстандық фильмді ағылшын тілді көрермен үшін прокатқа шығаруға ниет білдірді.

BRAGACINE - Португалияда 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан және Еуропа, Америка және Азия фильмдерін жинайтын халықаралық тәуелсіз кинофестиваль. Биылғы жылы 20-шы мерейтойлық байқау округтің муниципалитеті басшылығының, саясаткерлердің, дипломаттар, танымал актерлер, сыншылар және Минью университетінің болашақ кинорежиссерларының қатысуымен Braga Parque ең үлкен кино орталығында өтті.

ҚР Португалиядағы Елшілігі