Португалияның жұртшылығы Қазақстанмен танысуда

Португалияның жұртшылығы Қазақстанмен танысуда

Лиссабон қ., 2021 ж. 20 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай, Қазақстан Елшісі Дәулет Батырашев «Камоэнш» Институтының Президенті, Елші Жоау Рибейру де Алмейдамен бірге Лиссабон қаласында «Қазақстан – Тәуелсіздікке 30 жыл, Тарихқа 556 жыл» атты көрмені ашты.

Көрмені Қазақстанның Португалиядағы Елшілігі, Португалияның «Камоэнш» халықаралық ынтымақтастық және тіл институтының қолдауымен ұйымдастырды.

Ашылу салтанатында Елші Дәулет Батырашев еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктері мен халықаралық сахнадағы әсерлі табыстары туралы айтып, осы көрме португалдық кең аудиториясы үшін көшпелі өркениеттің мұрагері болып табылатын Қазақстанмен танысуға жақсы мүмкіндік болатынын атап өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі тұрақты экономикалық өсім мен азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті және португал тіліне аударылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын көпшілікке таныстырды.

Өз кезегінде, Камоэнш Институтының Президенті қазақстандық көрменің ашылуымен құттықтай отырып, осы экспозиция португалдықтар арасында Қазақстан туралы хабардарлығын кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға көмектесетініне сенім білдірді. Қазақстандық экспозиция Португалия астанасының мәдени өміріне өз үлесін қосатыны сөзсіз екендігін айтты.

Көрме жұртшылыққа екі апта бойы ашық болады. Келушілер Қазақстан табиғатының әсемдігімен, шексіз кеңістігімен, табиғи қорықтарымен және тарихымен, астанасы – Нұр-Сұлтан қаласымен, түркі әлемінің тарихи мәдени орталығы – Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен, сондай-ақ Қазақстан туралы көптеген кітаптарымен, соның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» және «Қазақтың Камоенші» – Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» португал тіліндегі кітаптарымен таныса алады.

Қазақстандық экспозиция екі ел халықтарының өзара танымы мен мәдени алмасуының жақсы дәстүрлерін жалғастырып, келушілерге бұрыннан келе жатқан саяхат дәстүрлерін жалғастыруға және Ұлы Дала Елі ашатын жаңа көкжиектерді көруге мүмкіндік береді.