Меморандумға қол қойды

Меморандумға қол қойды

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Гимарайнш қаласындағы Қазақстанның құрметті консулы Жиль Фернандо Тайня Виейра бастаған португалиялық делегацияны қабылдады. Өңір басшысы мен құрметті консул облыста жүзеге асатын жобалар бойынша меморандумға қол қойды.

– Құрметті консул мырза, біз сізбен сәуір айында кездескенде жобаларды талқылаған едік. Сіздер өткен бес ай ішінде жобалар бойынша тиісті зерттеулер жасағандарыңызға куә болып отырмыз. Облысымызда үлкен құс фабрикасын салуға ниеттісіздер.

Сонымен бірге бізге қажетті инфрақұрылымды дамытып, көпірлер мен жолдарды күрделі жөндеу жоспарланған. Құс фабрикасына жеке инвестиция тартылатын болса, инфрақұрылымға қатысты жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жүзеге аспақ.

Алдағы уақытта келісімшарттарға қол қоямыз деген үміттемін. Кем дегенде екі-үш жобаны іске асыруымыз керек, - деп атап өтті кездесуде Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ өңір басшысы облысқа шетелдік инвесторлардың келуінің маңызы зор екенін айтты. Өйткені инвесторлар қаражаттан бөлек, замануи технологиялар әкеліп, тың жобаларды басқару тәсілдерін үйретеді. Егер аталмыш жобалар іске асатын болса, өңірге басқа да шетелдік инвесторлардың келетініне сенім білдірді.

Ал өз кезегінде сөз алған Қазақстанның құрметті консулы Жиль Виейра «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ-ның аймақтағы өкілдігіне ақпараттық қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.

Сонымен бірге облыстағы агробизнесті қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға ынталы екендерін айтты.

Құс фабрикасының жобасы бойынша бройлер өсіретін замануи ферма салынбақ. Онда инкубатор, жемшөп ұсақтағыш және құс соятын жерді технологиялық және экономикалық тиімділігіне қарай орналастырады. Облыс әкімінің қабылдауына «Verny» және «IMCI+» компанияларының өкілдері де қатысты.

Аталмыш компаниялар облыста инфрақұрылымға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін дайындықты бастап кетті.

Мақалаға сілтеме