Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Батырашевтың португалдық «Diplomático» журналындағы мақаласы

Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Батырашевтың португалдық «Diplomático» журналындағы мақаласы

Бейресми аударма

Тәуелсіздіктің 30-жылдығы. Қазақстанның жетістіктері мен ұмтылыстары

Қазақстан – 1465 жылы құрылған Қазақ хандығының бастауына орын берген, өткен жылы 750 жылдық мерейтойын атап өткен Алтын Орда және басқа да көптеген мемлекеттік құрылымдар шыққан – Ұлы Даланың ұлы көшпенді өркениетінің мұрагері болып табылатын, көпғасырлық тарихы мен бай мәдениеті бар мемлекет. Ел өзінің тәуелсіздігін 1991 жылғы 16 желтоқсанда қалпына келтірді. Осы сәттен бастап Қазақстан заманауи нарықтық экономика мен демократияны қалыптастыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыра бастады. Біз көптеген салаларда айтарлықтай жетістіктерге жеттік, соның арқасында Республика бүкіл әлемге танымал болды.

Қазақстандық халқының маңызды жетістіктері мен байлықтарының бірі – ұлтаралық және конфессияаралық келісім. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесі. Ұлттық бірліктің моделін қалыптастыру кезінде 25 жыл жұмыс істеп жатқан, бірегей конституциялық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Біздің үлкен мақтанышымыз – бұл елдің жаңа елордасы. Нұр-Сұлтан – халықаралық ынтымақтастық пен жаңа идеяларды тарту орталығына айналған Еуразиядағы ең заманауи және қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда, 4 миллионнан астам адам қатысқан, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Ағылшын құқығы негізінде және аймақтық қаржылық хабқа айналуға бағытталған Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) табысты жұмыс істеуде.

Қазақстан көпвекторлы қағидатқа негізделген теңдестірілген сыртқы саясатты жүргізуде. 186 елмен дипломатиялық қатынастар орнатылды. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жапқан мемлекет – ядролық қауіпсіздік қозғалысының әлемдік көшбасшысы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тарихи шешімі ядролық сынақтарға мораторий жариялауға, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қабылдауға және БҰҰ-мен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялауына жол ашты.

Еліміз ірі халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушысы. Посткеңестік кеңістікте алғаш рет Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, 10-жылдық үзілістен кейін 2010 жылы осы ұйымның Саммитін ойдағыдай өткізді. Біз, 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған бірінші Орталық Азияның мемлекеті болдық. Тұңғыш Президенттің бастамасымен, бүгінгі күні 27 мемлекет мүше болып табылатын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) шақырылды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері және басқа да ірі халықаралық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.

Қазақстан экономикалық дамуы, халықаралық сауда мен инвестицияларға ашықтығы бойынша аймақтағы көшбасшы ел болып табылады. Орталық Азиядағы ең ірі экономикасы болып, аймақтық жалпы ішкі өнімнің жартысынан астамын құрайды. Тәуелсіздік алғаннан бері елдің ЖІӨ 16 есе өсіп, 180 млрд. АҚШ долларынан асты. Қазақстан, Дүниежүзілік Банкінің «Doing Business 2020» есебі бойынша, 25-ші орынға ие болып, Орталық Азиядағы ең жақсы инвестициялық климаты бар мемлекет ретінде танылды. Елге 330 млрд. долларынан астам тікелей шетелдік инвестициясы тартылды. Сонымен қатар, ел Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік және көліктік жолдардың қиылысында орналасқан және «Бір белдеу және бір жол» бастамасын жүзеге асыруда шешуші рөл атқаруда.

Тәуелсіздік алғаннан бері демократиялық және азат қоғам құру жолында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. 2019 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғыртуға және барлық салалардағы әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға бағытталған ауқымды реформалар кешені іске асырылуда. Билік пен азаматтардың өзара қарым-қатынасының түбегейлі жаңа негіздерін қалаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы реформалардың негізі болып табылады.

Қазақстан болашаққа ұмтылуда және Португалиямен барлық салаларда кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге ашық. 2019 жылы Лиссабонда Елшіліктің ашылуы бұған жағдай жасап, екіжақты серіктестікті дамыту бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді және қазақстандық-португал қатынастарының сапалы жаңа деңгейге шығуын қамтамасыз етеді.

Біз халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді өзара әрекеттестік жүргізудеміз. Португалия - БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа ұйымдардағы маңызды серіктесіміз. Біз саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.

Қорытындылай келе, пандемия жағдайында орын алып отырған дағдарыс кезіндегі өзара қолдаудың, соның ішінде португалдық серіктестерден де болған көптеген мысалдарын атап өткім келеді – бұл бауырмалдықтың айқын дәлелі, халықтарымыздың арасындағы берік достықтың символы. Халықаралық қатынастардың одан әрі кеңеюі пандемиядан кейінгі кезеңдегі тұрақты дамудың маңызды құрамдас бөлігі болатынына сенімдімін.

мақалаға сілтеме