Қазақстан мен Португалия сауда-экономикалық серіктестік саласында «сағаттарды теңестірді»

Қазақстан мен Португалия сауда-экономикалық серіктестік саласында «сағаттарды теңестірді»

2021 жылғы 12 шілдеде Елші Дәулет Батырашев пен Португалияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің (AICEP) Президенті Луиш Каштру Энрикеш арасындағы өткен келіссөздер шеңберінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың одан әрі келешегі қарастырылды. Қазақстанның және Португалияның инвестициялық агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты институцияландыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

AICEP пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою қажеттілігі баса айтылды. Осы орайда, Л.Каштру Энрикещ «Kazakh Invest», АХҚО және басқа да құрылымдардың басшылығымен келіссөздер жүргізу мақсатында жақын арада Нұр-Сұлтан қаласына бару жөніндегі ниеттілігін хабарлады.

Елшінің Лиссабондық «TagusPark» ғылыми-техникалық паркінің Атқарушы директоры Эдуарду Баптищта Коррейамен кездесуі цифрлық және төмен көміртекті технологиялар саласындағы әріптeстік қатынастарды дамытуға арналды. Тараптар бірқатар португалдық компаниялардың жаңартылатын энергия көздері мен қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға арналған сауалдарын егжей-тегжейлі қарастырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ҚР Елшілігінің ғимаратында өткен «Қазақстан-Португалия» Сауда палатасы Атқарушы комитетінің отырысына қатысты. ҚПСП Президенті Нуну Афонсу Лопеш осы құрылымның пандемия кезеңіндегі қызметі туралы, сондай-ақ ағымдағы жылдың күзінде Қазақстанға іскерлік миссиясын ұйымдастыру жоспарлары жөнінде баяндады. Отырыс барысында Сауда палатасы басшылығының жаңа мүшелері таныстырылды.

Кездесулер нәтижесінде, Қазақстан экономикасының басым салаларына инвестицияларды тартуға, орнықты даму мен жасыл технологияларды енгізуге ерекше назар аудара отырып, екіжақты әрекеттестіктің барлық салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.