Лиссабонда консулдық-құқықтық саласындағы екіжақты ынтымақтастығының мәселелері қарастырылды

Лиссабонда консулдық-құқықтық саласындағы екіжақты ынтымақтастығының мәселелері қарастырылды

2021 жылғы 23 маусымда Лиссабон қаласында Елші Дәулет Батырашевтың Португалия Сыртқы істер министрлігінің Консулдық істер және португалдық қауымдар жөніндегі бас директоры, Елші Жулиу Жозе де Оливейра Карранка Вилеламен кездесу өтті.

Келіссөздер барысында сұхбаттасушылар консулдық-құқықтық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар мәселелерді қарастырды. Қазақстандық дипломат шетелдік азаматтар үшін визалық режимді ырықтандыру бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмысы жөнінде хабардар етті.

Бұл тұрғыда, тараптар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мүмкіндігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы арасындағы Дипломатиялық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімге, қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босатуды көздейтін қосымша хаттамаға қол қою мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер жасасу үшін Еуропалық Комиссиядан мандат алу үшін Португалияның қолдау мүмкіндігі қарастырылды.

Құқықтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық саласындағы өзара әрекеттестікті  кеңейту келешегіне, сондай-ақ шет елдердегі ұлттық диаспораны қолдауына айрықша назар аударылды. Осы орайда, Ж.Вилела «Отандастар» қоры мен «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Португалияның «Камоэнш» халықаралық ынтымақтастық және тіл институтымен тиісті ынтымақтастық туралы келісімдерді жасасу дайындығын құптайтындығын және қолдайтындығын айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, дипломаттар коронавирус пандемиясы кезінде азаматтарға жан-жақты көмек көрсету үшін екі елдің уәкілетті органдары арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту қажеттілігін және маңыздылығын, соның ішінде, еркін жүріп-тұруы және вакциналық паспорттар мен куәліктердің өзара тану мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу нәтижесінде 2022 жылғы 1 тоқсанында консулдық-құқықтық мәселелер бойынша алғашқы қазақстандық-португалдық консультациялар өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.