Қазақстанның Елшісі Португалияның Конституциялық сотының төрағасымен кездесті

Қазақстанның Елшісі Португалияның Конституциялық сотының төрағасымен кездесті

2021 жылғы 18 маусымда Лиссабон қаласында Елші Дәулет Батырашев Португалия Конституциялық сотының төрағасы Жоау Педру Барроза Кауперспен кездесті. Сұхбат барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси өмірді модернизациялау және экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде хабардар етті.

Тараптар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі мақсаттар мен міндеттерге, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына назар аудара отырып, Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары жөніндегі бастамаларды және сайлау заңнамасына түзетулерді талқылады.

Ж.Кауперс, Қазақстан мен Португалияның сот жүйелері арасындағы ынтымақтастықтың болашағы мен маңыздылығын атап өтіп,  елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси қайта құрулар мен экономикалық жаңғыруларды жоғары бағалады.

Кездесу барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуіне байланысты бірқатар халықаралық іс-шараларға ерекше назар аударылды. Осы орайда, Елші Португалияның Конституциялық Сотының басшысына 2021 жылғы 27 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Интернет дәуірі: құқық үстемдігі, адам құндылықтары және мемлекеттік тәуелсіздік» атты халықаралық конференциясына қатысуға Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәмидің шақыруын табыстады.

 

Анықтама үшін: Португалия Конституциялық сотының төрағасы (Жоғарғы соттың төрағасымен бірге) - Португалия мемлекеттік иерархиясындағы төртінші тұлға (Президент, Ассамблеяның Төрағасы және Премьер-Министрден кейін).