Қазақстан және Португалия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Қазақстан және Португалия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

2021 жылғы 11 маусымда Лиссабон қаласында Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Португалияның «Камоэнш» халықаралық ынтымақтастық және тіл институтының президенті Жоау Рибейру де Алмейдамен кездесті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың көптеген мәселелерін талқылады. Қазақстандық дипломат өзінің сұхбаттасушысын 10 маусымда өткен елдің ұлттық күні – Камоэнш, Португалия және португал қауымдастығының күнімен құттықтай отырып, ағымдағы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтілетіндігін айтты.

Екі ел арасындағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды әлеуеті мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан мен Португалия халықтары арасындағы мәдени алмасу мен достықты одан әрі нығайтуға ықпал жасайтындығы атап өтілді.

Өз кезегінде, Жоау Рибейру де Алмейда мәдени және лингвистикалық өзара әрекеттестіктің дамуын құптай отырып, португалдық тараптың Қазақстанда тілдерді оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруға қызығушылығын білдірді. Мүдделі қазақстандық университеттер мен «Камоэнш» институты арасындағы өзара әрекеттестікті орнату келешегіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты мәдениет және тіл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасуды дайындау жөнінде уағдаластыққа  қол жеткізілді.

Мәдениет пен ана тілін дамытудағы шет елдердегі ұлттық диаспораларды қолдаудың мақсаттары мен міндеттерінің ұқсастығын ескере отырып, Жоау Рибейру де Алмейда «Отандастар» қорымен тығыз байланыс орнатуға және одан әрі өзара әрекеттестікке дайындығын пайымдады. Сондай-ақ, Португалияның Сыртқы істер министрлігінің дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы жобаларды іске асыруға жауапты құрылымы ретінде, Камоэнш Институтының басшысы «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігімен ынтымақтастық орнату және тиісті құжатқа қол қою туралы қазақстандық дипломаттың ұсынысын қолдады.

Кездесу соңында Елші институттың кітапханасына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», сондай-ақ «Қазақтың Камоэнші» – Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» португал тіліндегі кітаптарын табыс етті.

Сонымен қатар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында, ағымдағы жылы Камоэнш институтының ғимаратында Қазақстанның мәдениеті, өнері және табиғаты туралы кең ауқымды фотокөрме өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Анықтама үшін: Instituto Camões (IC) бүкіл әлемде португал тілі мен мәдениетін насихаттау мақсатымен 1924 жылы құрылған. Шетелдегі португал қауымдастығына қолдау көрсетеді. Арнайы бағдарламаларды жүзеге асырады және шетелдік университеттер мен мекемелерге стипендиялар, гранттар ұсынады. Институт әлемдегі ең үлкен және ең көп оқылатын португал ақыны, «Луизиада» поэмасының авторы Луиш де Камоэнштің есімімен аталынды.