Қазақстан Елшісі Конго Республикасының Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Конго Республикасының Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Браззавиль, 2026 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасының Конго Республикасындағы қоса атқарушы Елшісі (Лиссабондағы резиденциясымен) Жан Ғалиев Сенім грамоталарын тапсыру рәсіміне орай Халық Сарайында Президент Дени Сассу-Нгессоның қабылдауында болды.

Аудиенция барысында дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен сәлемін жеткізіп, «Астана Браззавильмен өзара қызығушылық тудыратын және басымды салаларда прагматизм рухында екіжақты ынтымақтастықты серпінді дамытуға табанды түрде ниетті» екенін атап өтті.

Конго Республикасының Президенті Қазақстан Басшысына ізгі тілектерін жолдап, Қ.Тоқаевпен достық әрі сенімді қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын және оның халықаралық аренадағы белсенді қызметіне үлкен құрметпен қарайтынын атап өтті.

«Өткен кездесулерімізді әрдайым ыстық ықыласпен еске аламын. Елімізбен арадағы келешегі кемел ынтымақтастықты дамытуға ұдайы назар аударып келе жатқан қадірлі әріптесім әрі досыма шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Д.Сассу-Нгессо. Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Африка құрлығындағы дипломатиялық өкілдігін нығайтып, оны одан әрі кеңейту жөніндегі шешімінің көрегендігі мен сындарлы сипатын жоғары бағалады.

Конго Республикасы үшін Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект, телекоммуникациялар, энергетика, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, қаржылық технологиялар мен банк ісі саласындағы тәжірибесі мен әзірлемелері ерекше қызығушылық тудырады. Браззавиль бүкіл Орталық Африка аймағы үшін қазақстандық астық пен тыңайтқыштарды импорттау мүмкіндіктерін зерделеуде. Сондай-ақ конголық жастарды Қазақстанның білім беру мекемелеріне оқуға жіберу туралы тілек білдірілді.

Осы салаларда және басқа да ынтымақтастық жобаларының келешегі Елшінің сыртқы саяси ведомство басшысы Констан-Серж Бунда (Constant-Serge Bounda), Телекоммуникациялар және цифрлық экономика министрі Нгема Нзе (Nguema Nze), Қаржы және бюджет министрі Кристиан Йока (Christian Yoka) және Ұлттық қорғаныс министрлігінің Стратегиялық мәселелер және әскери ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Жан Эме Инюмбамен (Jean Aimé Ignoumba) кездесулерінде егжей-тегжейлі талқыланды.

Браззавиль Президент Қ.Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын қолдайды. Сыртқы істер Министрі К.- С. Бунда су қауіпсіздігі тақырыбы барлық елдер үшін, әсіресе Африка үшін өте маңызды мәселе екенін атап өтті.

Қазақстан Елшісінің Конго Республикасына жұмыс сапары конголық бизнестің жетекші өкілдерінің бірі, көпсалалы компанияның Бас директоры Серж Муйимен әңгімелесумен аяқталды. Туризм және сауда салаларындағы, атап айтқанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы бизнес-ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Барлық сұхбаттасушылар екі елдің стратегиялық маңызды географиялық орналасуға ие екендігі және орталық хабтар болып табылатындығы, оларды Орта дәліз бен Пуэнт-Нуар теңіз порты арқылы байланыстыру сауда-экономикалық серіктестік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейте алады деген ортақ пікірге жетті.