
Лиссабон, 2025 жылғы 27 қараша - Қазақстанның Португалиядағы Елшілігі ҚР Португалияның солтүстік өңірлеріндегі құрметті консулы Жиль Фернанду Виейраның және MPL Culture компаниясының демеушілік қолдауымен «Дала мен мұхит» тақырыбында халқымыздың бай асханалық мұрасын португал халқының таңдаулы гастрономиялық дәстүрлерімен тоғыстырған бірегей жоғары дәрежелі мәдени-гастрономиялық кеш ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай өткізілген салтанатты шара 27 қараша күні Лиссабон қаласының тарихи жүрегінде орналасқан EPUR мейрамханасында өтті. Michelin жұлдызының иегері әрі еуропалық гастрономия кеңістігінде кеңінен танылған шеф-аспаз Вэнсан Фарж Қазақстанның ең үздік аспаздық шеберлерінің бірі, Qazaq Gourmet мейрамханасының жетекші шефі және La Liste-2026 Францияның беделді гастрономиялық рейтингіне енген Артем Канцевті арнайы қонақ ретінде қабылдады.
Екі жоғары деңгейдегі шебердің «төрт қолмен» әзірлеген кешкі асы кеш қонақтары тарапынан айрықша жоғары бағаланды. Шараға Португалия Гастрономия академиясының президенті Карлуш Фонтау Карвалью, Лиссабон муниципалдық палатасының Бас хатшысы әрі Еуропалық гастрономиялық мәдениет қауымдастығының президенті Алберту Лаплейн Гимарайнш, Оэйраш қаласы мэрінің орынбасары Франсишку Роша Гонсалвеш, Еуропадағы жетекші ғылыми-технологиялық парктердің бірі - Taguspark-тың Бас директоры Эдуарду Баптишта Коррейа, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың, іскер топтардың және ұлттық БАҚ өкілдері қатысты.
Қонақтарға арнаған сөзінде Қазақстанның Елшісі Жан Ғалиев ұлттық тағам мәдениетінің ғасырлар бойы қалыптасқан, терең мағыналы әрі ұлт руханиятымен тамырлас құндылық екенін атап өтті: «Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тарихында алғаш рет гастрономиялық көпір Еуразия кеңістігінің екі шетін - шексіз дала мен тұңғиық мұхитты - табыстырып отыр», – деді ол. Сонымен қатар, ол бұл мәдени кеш Елшілік бастамашы болған «Қазақстанды бес сезім арқылы таны» атты мәдени дипломатия жобасына ресми түрде жол ашқанын жеткізді. Алдағы уақытта қазақстандық асхананың тәмін танытатын бұл игі бастама Португалияның түрлі қалаларында ұйымдастырылатын сурет, мүсін және ұлттық кілемдер көрмелерімен, дәстүрлі музыка мен ән өнерін дәріптейтін концерттермен жалғасын таппақ.
Кеш соңында Елші қонақтарға екі халық арасындағы рухани үндестік пен мәдени сабақтастықтың символы ретінде португалдық дәстүрлі «Азулежу» стилімен әзірленген Қазақстан Республикасының Елтаңбасын тарту етті.
Португал жұртшылығының Қазақстанмен жаңа қырынан тереңірек танысуы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі бекемдеп, мәдени, гуманитарлық және іскерлік байланыстардың жаңа көкжиегін ашуға қызмет етеді.
Анықтама: Азулежу (порт. azulejo - «көгілдір») — португал халқының сәулет-қолданбалы өнерінде кеңінен пайдаланылатын дәстүрлі өрнекті керамикалық қаптама. Ол Португалияның ұлттық мәдени мұрасының айрықша белгісі ретінде танылған.