«Цифрлық дипломатия»: Қазақстан мен Португалия цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

«Цифрлық дипломатия»: Қазақстан мен Португалия цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Лиссабон, 2025 жылғы 2 қазан - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттер аясында ҚР Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Еуропаның жетекші технологиялық орталықтарының бірі – Taguspark ғылыми-технологиялық паркі бас директоры Эдуарду Баптишта Коррейамен кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы белгілеген ел экономикасының барлық салаларын цифрландыру және жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі стратегиялық міндеттер туралы ақпарат берді.

Тараптар IT-индустриядағы ынтымақтастықты дамытудың, инновациялық стартаптар мен жоғары технологиялық жобаларды іске асырудың болашағын талқылады.

Taguspark басшылығы Қазақстанның осы бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестік орнатуға дайын екенін білдірді. Әңгіме барысында тәжірибе алмасу мен технологиялар трансферті, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы білім беру бағыттарында әріптестік орнату мүмкіндіктері сөз болды.

Лиссабон агломерациясына қарасты Оэйраш муниципалитетінде орналасқан Taguspark ғылыми-технологиялық паркі – Еуропадағы инновация мен зерттеудің ірі орталықтарының бірі. Мұнда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, телекоммуникациялар, электроника, жасыл энергетика және биотехнология сияқты салалар бойынша ғылыми-зерттеу зертханалары, бизнес-инкубаторлар мен стартап-компаниялар шоғырланған.