Лиссабон, 2025 жылғы 26 қыркүйек - Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасының Ассамблеясы Төрағасының дипломатиялық кеңесшісі Изабель Пештанамен кездесу өткізді. Оның барысында Мемлекет басшысының «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы жаңашыл қадамдардың нәтижелері әңгіме болды. Елші Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы стратегиялық басымдықтарға тоқталды.
И. Пештана Португалия Парламенті Қазақстандағы оң өзгерістерді зор қызығушылықпен бақылап отырғанын және Президент Тоқаев пен Үкіметтің елді жаңғырту, құқық үстемдігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.
Прагматикалық тұрғыда тараптар Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықтың ең әлеуетті бағыттарын - ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, туризм мен спорт, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, су ресурстары мен білім беру және басқа да салаларды талқылады. Экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мен жандандыру аясында португалдық тарап тікелей әуе қатынасын ашу идеясын қолдады.
Әңгіме барысында тараптар қазіргі геосаяси жағдай бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық нормаларын сақтау, қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен реттеу және шиеленіс аймақтарында бейбітшілікті ілгерілету үшін парламенттік тетіктерді қолданудың маңыздылығын атап өтті. Елші Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді қызметі мен Мемлекет басшысының Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысу қорытындылары туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында португалдық дипломат Ассамблея Төрағасы Жозе Педру Агиар-Бранкуның Қазақстанға сапармен баруға ниетті екенін растады. Тараптар тұрақты байланыстарды қолдап, парламенттік дипломатия аясында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты бар әлеует пен жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып кеңейтуге келісті.
ҚР Португалиядағы Елшілігі