Лиссабон, 2025 жылғы 26 қыркүйек - Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасының Ассамблеясы Төрағасының дипломатиялық кеңесшісі Изабель Пештанамен кездесу өткізді. Оның барысында Мемлекет басшысының «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы жаңашыл қадамдардың нәтижелері әңгіме болды. Елші Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы стратегиялық басымдықтарға тоқталды.
И. Пештана Португалия Парламенті Қазақстандағы оң өзгерістерді зор қызығушылықпен бақылап отырғанын және Президент Тоқаев пен Үкіметтің елді жаңғырту, құқық үстемдігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.
Прагматикалық тұрғыда тараптар Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықтың ең әлеуетті бағыттарын - ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, туризм мен спорт, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, су ресурстары мен білім беру және басқа да салаларды талқылады. Экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мен жандандыру аясында португалдық тарап тікелей әуе қатынасын ашу идеясын қолдады.
Әңгіме барысында тараптар қазіргі геосаяси жағдай бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық нормаларын сақтау, қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен реттеу және шиеленіс аймақтарында бейбітшілікті ілгерілету үшін парламенттік тетіктерді қолданудың маңыздылығын атап өтті. Елші Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді қызметі мен Мемлекет басшысының Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысу қорытындылары туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында португалдық дипломат Ассамблея Төрағасы Жозе Педру Агиар-Бранкуның Қазақстанға сапармен баруға ниетті екенін растады. Тараптар тұрақты байланыстарды қолдап, парламенттік дипломатия аясында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты бар әлеует пен жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып кеңейтуге келісті.
ҚР Португалиядағы Елшілігі
Лиссабон, 2025 жылғы 9 қыркүйек - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ескере отырып, Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия «Águas de Portugal» (ADP) мемлекеттік холдингі Директорлар кеңесінің мүшесі Александра Серрамен, Басқарма мүшесі Эдуарду Пашекумен, сондай-ақ ADP International Атқарушы вице-президенті Антониу Вентурамен.
Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының Жолдауында цифрландыруды белсенді түрде енгізу және жасанды интеллектті қолдану арқылы еліміздің су инфрақұрылымын жаңғырту бойынша алға қойған басты міндеттер туралы хабардар етті.
Әңгімелесушілер суды есепке алу, ысырапты барынша азайту, қайта өңдеу және суды ұтымды пайдалану үшін ADP әзірлеген технологияларды пайдалана отырып, су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Холдинг басшылығы осы салада технологиялар мен ноу-хау трансферті, сондай-ақ консалтингтік қызметтер арқылы өзара тиімді серіктестік орнатуға дайын екенін білдірді.
ADP – 1993 жылы Португалиядағы су инфрақұрылымын, соның ішінде суды жинауды, тазартуды, тұщыландыруды және қоғамдық тұтыну үшін бөлуді кешенді және тиімді басқару мақсатында құрылған мемлекеттік холдинг.
ҚР Португалиядағы Елшілігі
2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтеді.
VIІI Съезд жұмысына әлемнің шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің рухани лидерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, саяси және қоғам қайраткерлері бар.
Съезд аясында өтетін іс-шаралар:
16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXIII отырысы өтеді.
Дәл осы күні БҰҰ Өркениеттер альянсы аясында діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия өтеді. Сессияға жетекші діни және саяси лидерлер, дипломаттар, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналып, ғибадат орындары, қасиетті және діни ғимараттарға қауіп төндіретін жаһандық сын-қатерлерді талқылайды.
17 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің пленарлық отырысы өтеді. Форумның басты тақырыбы – «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия». Жұмыс барысында секциялық отырыстар форматында бірқатар өзекті мәселелерді қарау жоспарлануда.
18 қыркүйекте «Жастар бейбіт қатар өмір сүру үшін: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында ІІ Жас діни лидерлер форумы өтеді.
Оқиғалардың күндері мен орындары:
16 қыркүйек
10:00 – Съез Хатшылығының XXІІІ отырысы (Астана қ., Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік даңғ. 57);
15:00 – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия (Астана қ., Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік даңғ. 52).
17 қыркүйек
10:00 – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің Ашылуы және Пленарлық отырысы (Астана қ., Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік даңғ. 52).
18 қыркүйек
10:00 – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің секциялық отырыстары;
10:00 – II Жас діни лидерлер форумы;
15:00 – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің жабылуы (Астана қ., Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік даңғ. 52).
Аккредитациядан өту үшін шетелдік журналистер 2025 жылғы 29 тамыз сағат 12:00-ге дейін тіркеу формасын толтырып, оны mfakzaccreditation@gmail.com электронды поштасына жолдау қажет.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР СІМ Баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз:
– Мейрам Муташев , тел.: +7 (7172) 72-01-45.
– Ерлан Өтегенов, тел.: +7 (7172) 72-01-11.
2025 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Елшісі Жан Ғалиев Лиссабонда орналасқан Король Абдалла бен Абдель Азиз атындағы Дінаралық және мәдениетаралық диалог жөніндегі халықаралық орталықтың (KAICIID) Бас хатшысының міндетін атқарушы Антониу де Алмейда-Рибейрумен және орталық сарапшыларымен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Астананың әлемдік діндер мен мәдениет өкілдері арасындағы өзара құрмет, төзімділік пен сенімді нығайтуға бағытталған халықаралық бастамалары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Осы орайда, 2003 жылдан бері Қазақстанда өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің айрықша рөлі атап өтілді. Елші биыл Астанада Съездің сегізінші отырысы өтетінін хабарлады.
Өз кезегінде KAICIID ұйымының басшысы Қазақстан басшылығының конфессияаралық және этносаралық келісім мен диалогты дамыту бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалап, беделді халықаралық алаңдар мен ұйымдар қызметінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Антониу де Алмейда-Рибейру KAICIID діни конфессия өкілдері басқаратын және БҰҰ жанындағы Өркениеттер альянсымен тығыз ынтымақтастық орнатқан бірден-бір халықаралық институт екенін атап өтті.
Ол Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделі үнемі артып келе жатқанын атап өтіп, өзара тиімді әріптестікке сенім білдірді. Сонымен қатар, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының мол тәжірибесін ескере отырып, онымен әріптестік орнатуға дайын екенін растады.
Фотоны KAICIID ұсынды.
Лиссабон, 2025 жылғы 27 сәуір – Португалия астанасында, Астанадан алты мың шақырым қашықтықта, Наурыз мейрамы мен алдағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшілігі мен осы елде тұратын қазақ диаспорасының белсенді қолдауымен ұйымдастырылған шара қазақ қауымдастығының өкілдерін, студенттерді және еліміздің тарихы мен мәдени мұрасына қызығушылық танытатын португалиялық достарды біріктірді.
«Жыл басы – Наурыз, ел басы – ынтымақ!» – деп жиналған қауымды құттықтады Қазақстанның Елшісі Жан Ғалиев. «Бұл ата-бабаларымыздан қалған ұлағатты сөз бізге көктеммен бірге табиғат қана емес, адамдардың да жан дүниесі жаңарып, жүректер мен есіктер айқара ашылатынын еске салады. Ынтымақ - қоғамның берекесінің негізі. «Біздің күшіміз – бірлікте» деген ұран халқымыздың ұлттық кодын - ауызбіршілік пен өзара қолдаудың қуатын бейнелейді», - деп атап өтті ол.
Мерекелік іс-шарада дәстүрлі және заманауи мәдениеттің үйлесімі көрініс тапты. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – баланың өмір жолындағы алғашқы қадамын бейнелейтін көне салт - «Тұсаукесер» рәсімі болды. Сондай-ақ, жас буын арасында өткізілген «Наурыз - жас ұрпақтың жүрек төрінде» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қонақтардың ерекше ықыласын жаңа өмірдің, бейбітшілік пен достықтың, үміттің нышаны саналатын алма ағашын отырғызу сәті тартты. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз - қазақ халқының көнеден келе жатқан төл дәстүрлерінің ажырамас бөлігі. […] Халқымыздың игі салтын жалғастыра отырып, бұл күні біз ағаш отырғызып, бұлақ көзін ашып, қоршаған ортаны көріктендіреміз», - деп атап өткен болатын.
Мерекелік көңіл-күйді қазақ диаспорасының мүшелері әзірлеген спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама толықтыра түсті. Қонақтар ұлттық домбыра мен сырнай аспаптарында орындалған күйлер мен халық әуендерін үлкен қызығушылықпен тыңдады. Қазақтың көне заманнан келе жатқан «Қамажай» биінің нәзік те әсем орындалуы ұлттық өнердің терең мазмұнын паш етті.
Шараның соңында дәстүрлі қазақ дастарханы жайылып, қонақжайлық пен достықтың жарқын үлгісі көрсетілді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өткен бұл мерекелік шара Португалиядағы көпұлтты қазақ қауымдастығының ынтымағын нығайтуға және екі ел арасындағы мәдени көпірді бекемдеуге өз үлесін қосты.
Лиссабон, 2025 жылғы 24 сәуір - Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалияның Табиғатты және орман шаруашылығын қорғау институты (ICNF) директорлар кеңесінің мүшесі доктор Карлуш Албукерке және ұйымның сарапшыларымен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздің табиғатты қорғау және қоршаған ортаның сапасын жақсарту бағытында жүзеге асырып жатқан экологиялық жобалары мен бастамалары туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, «Жасыл Қазақстан» ұлттық экологиялық бастама таныстырылды. Елші Қазақстан жойылып бара жатқан жануарлар популяциясын қалпына келтіру және қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Қар барысы, киік, Пржевальский-Керқұлан жылқысы мен жек-дуадақ құсы сынды ерекше түрлердің санын арттыру бағытында елеулі ілгерілеушілік бар екені айтылды.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан Іле-Балқаш резерватында Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасына ерекше назар аударылды.
Португалия тарапы Қазақстан Президентінің сирек кездесетін жануарларды табиғи мекендеріне қайтару, олардың санын сақтау мен көбейту бағытындағы бастамаларына жоғары баға берді. Атап айтқанда, еліміздің киіктердің санын қалпына келтіру және қорғау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы оң пікірге ие болды.
Елші тараптар арасында ерекше жануар түрлерін қорғау және олардың популяциясын көбейту, сондай-ақ табиғатты қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
Әңгіме барысында тараптар жойылып бара жатқан жабайы жануарлармен халықаралық сауда туралы Конвенция (CITES) және басқа да табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ұйымдар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында португалиялық тарап жуық арада Қазақстанға сапармен келуге қызығушылық білдірді.
Лиссабон, 2025 жылғы 8 сәуір – Қазақстан шетелдік мамандарға ел аумағында қашықтан өмір сүруге және еңбек етуге мүмкіндік беретін Neo Nomad Visa бастамасы арқылы халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуды жалғастыруда.
Бүгін Қазақстанның Лиссабондағы Елшілігінде Neo Nomad санатындағы алғашқы виза Португалия резиденті - Жорже Роза Фильюге берілді. Ол Еуропа мен Латын Америкасының жетекші технологиялық компанияларында он жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі ІТ маманы. Оның кәсіби қызметі жасанды интеллект саласындағы шешімдер әзірлеуге, интеллектуалдық үлгілерді оқытуға бағытталған.
Қазақстанға алғаш рет 2023 жылы турист ретінде келген Жорже Роза Филью елдің бай мәдени мұрасы, қазақ халқының қонақжай дәстүрі және шығармашылыққа кең мүмкіндіктері арқылы ерекше әсер алғанын айтады. Көрген-білгенінен шабыттанған ол Қазақстанды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы мекен ретінде қарастыра бастаған.
Қашықтан жұмыс істейтін маман ретінде ол цифрлық көшпенділерге қолайлы жағдай жасай алатын жаңа елді іздестіріп жүрген. Қазақстан Елшілігінің әлеуметтік желідегі жарияланымдары мен Diario de Noticias португал басылымындағы мақала арқылы Neo Nomad визасының іске қосылғанынан хабардар болып, батыл әрі маңызды шешім қабылдаған.
Қазақстан Елшілігінің консулы Рүстем Жаппасовпен кездесуде Жорже Роза Филью Қазақстан Үкіметіне алғысын білдіріп, былай деді: «Соңғы жылдары Қазақстанда болып жатқан қарқынды және оң өзгерістер мені шын мәнінде таңғалдырды. Елдің экономиканы жаңғырту жолындағы қадамы, инновацияларға ашықтығы мен шетелден келетін мамандарға, туристерге және инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдайлар - болашаққа сеніммен қарауға негіз. Мен Қазақстанның технологиялық секторына өз үлесімді қосып, осы елдің цифрлық қауымдастығының бір бөлігі болуға, бай мәдениетімен етене танысуға асықпын».
Цифрлық инфрақұрылымы мен жылы климатының арқасында көшпенді мамандар үшін жаһандық орталықтардың бірі саналатын Португалия тұрғыны алғашқы Neo Nomad визасының берілуі - Қазақстанның жаңа бағыт ретінде халықаралық деңгейде қызығушылық тудырып отырғанының айқын дәлелі. Бұл бастама елдің болашаққа бағытталған реформаларының сәтті жүзеге асып жатқанын және оның технологиялық бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын да көрсетеді.
Лиссабон, 2025 жылғы 31 наурыз – Тарихи Праса-ду-Империу алаңында және кейіннен Белен сарайында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Ғалиевтің Португалия Республикасының Президенті Марселу Ребелу де Соузаға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Аудиенция барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Португалия Мемлекет басшысы атына арнаған ізгі тілектері мен сәлемін жеткізіп, Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Португалия Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің өкілдері қатысқан кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейтудің болашағы талқыланды. Инвестициялық өзара іс-қимылды арттыру, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, сирек жер металдарын игеру, көлік, логистика, туризм, медицина және білім беру салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Елші екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге айтарлықтай әлеуеттің бар екенін атап өтіп, сауда айналымының көлемін ұлғайтуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды қалыптастыру бағыты аясында ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асырып жатқан Қазақстан, Португалияны Еуропалық Одақ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы сенімді әріптес ретінде қарастырады», - деп мәлімдеді Ж. Ғалиев.
Президент М. де Соуза 2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Президент Қ. Тоқаевпен өткен кездесуді жылы лебізбен еске алып, Қазақстанның түбегейлі өзгерістер жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Астананың бейбітшіл, белсенді және теңгерімді сыртқы саясатының арқасында елдің халықаралық аренадағы беделінің нығайып келе жатқанын атап өтті. Португалия көшбасшысы екіжақты ықпалдастықты өзара мүдделі салаларда прагматизм рухында кеңейтуге және Қазақстандағы португалдық инвестициялар ауқымын арттыруға дайын екенін мәлімдеді.
Аудиенция соңында Португалия Президенті Қазақстан Президентіне ізгі тілектерін жолдап, Лиссабонда жоғары деңгейдегі кездесуге дайын екенін растады.
Лиссабон, 2025 жылғы 11 қаңтар – 2025 жылғы 8-10 қаңтар аралығында Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамы (CESS) мен Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Еуропалық қоғам (ESCAS) ұйымдастырған «Геосаясат, көші-қон және Орталық Еуразиядағы бірегейлік» атты халықаралық конференция шеңберінде Лиссабондағы тарихи «Орланду Рибейру» кітапханасында (Biblioteca Orlando Ribeiro) Қазақстан Республикасының Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақстандық «Жаңғақ тал» фильмінің көрсетілімі өтті.
Бұл оқиға конференцияның мәдени бағдарламасындағы басты шаралардың бірі болды. Ол Қазақстанның мәдени мұрасының байлығын португалдық кино сүйер қауымға таныта алды. Халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаға ие болған фильм академиялық орта өкілдеріне, Орталық Азия мамандарына және мәдени қауымдастықтың өкілдеріне ұсынылды.
Қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен адамның эмоциялық әлемін тереңнен аша білген туынды көрермендердің ерекше қызығушылығы мен жылы пікірлеріне ие болды. Көрсетілімнен кейінгі талқылаулар барысында көрермендер фильмнің көркемдік орындалу шеберлігін, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынас, моральдық таңдау және мәдени бірегейлікті іздеу сынды әмбебап тақырыптардың өзектілігін ерекше атап өтті. Конференцияға қатысушылардың бірі: «Жаңғақ тал» - қазақ халқының терең дәстүрлерінің және бай мәдени мұрасының жарқын символы. Бұл туынды португал аудиториясының өңірге деген шынайы қызығушылығын оятып, мәдени байланыстарды нығайтуға өзіндік үлес қосты», – деп атап өтті.
Көрсетілім ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Алентежу аймағына тән «Канте алентежану» әндерін орындау салтанатты рәсімімен аяқталды.
Қазақстанның Португалиядағы Елшілігі конференцияны ұйымдастырушыларға және барлық қатысушыларға қазақстандық мәдениетті қолдағаны және оны халықаралық деңгейде насихаттағаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Лиссабонда «Жаңғақ тал» фильмінің көрсетілімі біздің халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды қадам болды.
2024 жылдың соңында, әлемдік дағдарыс пен белгісіздік жағдайында, Қазақстанның дипломатиясы көпірлер салу мен қабырғалар тұрғызудың орнына, тұрақты ықпалдың кілті екенін дәлелдеді. The Astana Times Қазақстанның 2024 жылғы белсенді дипломатиялық әрекеттерін назарларыңызға ұсынады.
Биіктікке ұмтылған орта держава
Биыл орта держава ұғымы көпшіліктің тіліне тиек болды. Кейбір сыншылар бұл тұжырымдаманың практикалық қолданысы жоқ деп атап өтсе де, ол халықаралық форумдар мен дипломатиялық алаңдарда кеңінен талқыланды. 2024 жылы Қазақстан бұл ұғымның шынайы мәнін айғақтап берді. Ел әлемдік аренада орта держава ретінде ірі күштермен қарым-қатынасты теңдестіре отырып, медиатор және байланыстырушы рөлін атқаруға зор әлеуетін дәлелдеді.
Швед ғалымы Свантэ Е. Корнел өз мақаласында Орталық Азиядағы орта держава рөлін атқаратын мемлекеттердің алға жылжуын талқылайды. Оның пайымдауынша, Қазақстанның стратегиялық дипломатиясы, экономикалық өсуі және аймақтық көшбасшылығы оның халықаралық аренадағы рөлін жаңа деңгейге көтерді.
1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Қазақстан әлемнің жетекші державаларымен қарым-қатынастарын теңдестіретін көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып келеді, бұл ел егемендігін сақтай отырып, өңірлік беделін нығайтуға мүмкіндік берді.
«Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының алғышарты - ұлы державалардың ықпалына түспеу және олардың арасында дау-жанжалды жағдайларға ұрынбау қажеттілігінен туындады. Сонымен қатар, стратегия мемлекетке қажет болған жағдайда бір державамен қарым-қатынасты екіншісіне ауыстыра отырып, ұлы державалар арасында үнемі бейтараптану (хеджирлеу) жағдайларынан сақтануға бағытталды», - деп жазады Корнелл.
Орта держава рөлін атқаратын мемлекеттер Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған Astana Think Tank Forum негізгі тақырыпқа айналды. Екі күндік іс-шараға 22 елден 45 сарапшы, оның ішінде зерттеушілер, сарапшылар мен дипломаттар қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан сияқты орта держава мемлекеттердің рөлі халықаралық институттардың әлсіреуі және «ірі державалардың бір-бірімен бәсекелесіп, келісімге келе алмайтын жағдайында» артып отырғанын атап өтті.
Қазақстан көпжақты дипломатияның белсенді қорғаушысы ретінде, оның ықпалы әскери күшке емес, дипломатиялық қабілетке негізделген.
Желтоқсанда Абу-Дабиде өткен халықаралық конференцияда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, қазақтың дәстүрлі киіз үйін еліміздің теңдестірілген және прагматикалық сыртқы саясатын сипаттаудың метафорасы ретінде келтірді. «Дәстүрлі қазақ үйінде бұрыштар жоқ», - деді ол. «Сондықтан бокс рингіндегі секілді бір жаққа шығу немесе бұрышты таңдау қажеттілігі біздің ұлттық менталитетімізге қайшы келеді. Біз барлығымыз ұстануға тиісті бір ғана бағыт бар, ол бәсекелестік емес, ынтымақтастық, оқшауланудан гөрі өзара әрекеттесу, заңсыздықтан гөрі заңның үстемдігі, өзара тиімділік пен нәтижесіз ойындардан гөрі өзара пайдалы қорытындылары қолдау. Дәл осы қағидаларды біз соңғы 30 жыл бойы ұстанып келеміз», - деп қорытты өз ойын қазақстандық ресми тұлға.
2024 жылы Қазақстанның орта державалар рөлі оның негізгі дипломатиялық саммиттерді өткізуінде, БҰҰ мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) сияқты көпжақты платформаларда дауыс беруі арқылы көрініс тапты.
Қазақстан елдер арасындағы сұхбатты бейресми арналар арқылы келіссөздер жүргізу арқылы оңтайландыра отырып, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара түсіністік орнатуға ықпал етті. Армения мен Әзіербайжанның сыртқы істер министрлері арасындағы бейбіт келіссөздер - осының айқын дәлелі.
ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты көпжақты ұйымдардың басшылығында Қазақстанның өңірдегі тұрақтандырушы күш ретінде әрекет ету және ұжымдық шешімдер қабылдау үшін пікірлес елдермен бірлесіп жұмыс істеу қабілеті одан әрі айғақтанды.
Ашықтыққа жол
2024 жылы Қазақстан визасыз саяхаттауға болатын елдер тізімін кеңейтті. Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан 82 елмен визасыз режим орнатты, оның ішінде Қытай мен Үндістан сияқты ірі туристік нарықтар бар. Осы елдерден келген туристердің саны айтарлықтай өсті.
Алайда визасыз режим тек туризм үшін ғана маңызды емес. Бұл жеңілдету қонақтарды, инвесторларды, инноваторларды және бизнесті тартатын, Қазақстанды Орталық Азияның қақпасы ретінде қарастыруды көздеген үміт пен ашықтықтың кең пәлсапасының көрінісі.
Қазақстан 2024 жылы Таиланд пен Вьетнаммен визасыз режим енгізді. Қыркүйекте Мароккомен визасыз келісімге қол қойылды.
Global Passport Power рейтингіне сәйкес, Қазақстан 199 елдің ішінде 94 ұтқырлық көрсеткіші бойынша 54-ші орында, яғни Қазақстан азаматтары 41 елге визасыз сапар шеге алады. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы 76-шы, Тәжікстан 72-ші орында.
Қарашада Қазақстанда Цифрлық көшпенділер үшін арнайы әзірленген визаның жаңа түрі - Neo-Nomad визасы енгізілді. Жұмыс пен саяхатты біріктіре отырып, қашықтықтан жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға осындай виза әбден ыңғайлы.
Мемлекеттік сапарлар
2024 жыл Қазақстанның дипломатиялық күн тәртібінде де айрықша орын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дипломатиялық іс-қимылын нығайту мақсатында бірқатар құрлықтарды кесіп өтті. Жыл елдің ең ірі сауда серіктестерінің бірі - Италияға нәтижелі сапармен басталды. Қазақстандық делегация Римде 1,5 миллиард доллардан астам сомаға 18 мәміле жасады.
Сонымен қатар 2024 жылы Мемлекет басшысы Катар, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстан, Армения, Ресей, Сингапур, Тәжікстан, Түрікменстан, Франция, Моңғолия, Сербия және Венгрияда болды. Бұл сапарлар елдің көпвекторлы сыртқы саясатын нығайтудағы ғана емес, сонымен қатар ішкі өсу мен инновацияны ынталандыратын маңызды келісімдерге қол қоюдағы маңызды қадамдар болды.
Қазақстан, өз кезегінде, әлемдік көшбасшыларды, соның ішінде ҚХР Басшысы Си Цзиньпиннің, БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриштің, Германия Канцлері Олаф Шольцтің және сол кездегі ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі және Еуропалық Комиссияның вице-президенті Жозеф Боррелдің елеулі сапарларын қарсы алды.
Басты дипломатиялық оқиғалар
Былтыр Қазақстанда бірқатар беделді халықаралық ауқымдағы маңызды жиындар өтіп, сондай-ақ негізгі дүниежүзілік іс-шараларға тиімді қатысты.
Негізгі жетістіктердің бірі ретінде көшбасшылар бірқатар өзекті мәселелерді талқылау үшін маусымда Астанада бас қосқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитін атап өтуге болады. Өзге де уағдаластықтар арасында Ұйымға Беларуссияның толыққанды мүше болды.
Оған қоса өзгермелі геосаяси ландшафттағы орта державалардың рөлі туралы зейінді пікір алмасу алаңыңа айналған Astana Think Tank Forum бар.
Сонымен қатар, бастапқыда маусым айына жоспарланған көптен күткен Астана халықаралық форумын жойқын су тасқыны кейінге қалдыруға мәжбүр етті, бірақ 2025 жылы дипломатиялық сұхбаттың орталығы рөлін атқаруға әлі де жалғастырмақ.
Сондай-ақ, Қазақстан қарашада Бакуде өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясында климаттың өзгеруін қаржыландыруға қатысты. Президент Қ.Тоқаев іс-шараның ашылу салтанатында негізгі баяндама жасады.
Желтоқсанда «Ортақ су» (One Water Summit) саммиті еліміздің Орталық Азия үшін көкейтесті мәселесін - су тапшылығын шешудегі белсенді ұстанымын атап өтті.
Қазақстанның 2024 жылғы жетістіктері тек жоғары деңгейде өткізетін іс-шаралар не болмаса келісімдерге қол қоюмен ғана шектелмей, сонымен қатар оның поляризацияланған әлемде көпірлер салудағы дәйекті қабілетін көрсетті. Бұл әлемдік супер державалар үйрене алатын тәсіл бола алады.
Авторы: Әсел Сатыбалдина
3 қаңтар 2025 жыл
Дереккөз: https://astanatimes.com/2025/01/kazakhstans-diplomatic-milestones-in-2024/