
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 5 қазан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Petroleum International (KPI) Президенті Шафи Әл-Аджмимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар мұнай-газ және мұнай-химия салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ практикалық өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын талқылады.
Авиациялық отын саласындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде қазақстандық авиакомпаниялармен және әуежайлармен өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріне, сондай-ақ тұрақты авиациялық отын (SAF) бағытын дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, оның ішінде KPI-дің Q8 бренді аясындағы халықаралық тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда заманауи жанармай құю станциялары мен тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық бейінді ұйымдар мен компаниялардың қатысуымен өзара қызығушылық тудыратын нақты бағыттар мен жобаларды бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
Кездесу Қазақстан мен Кувейттің мұнай-газ және мұнай-химия секторларындағы жетекші компаниялар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан экономикасының перспективалы салаларына халықаралық тәжірибе мен жаңа технологияларды тартуға бағытталған Елшіліктің жүйелі жұмысының жалғасы болды.
Kuwait Petroleum International (KPI) 1983 жылы құрылды және мемлекеттік Kuwait Petroleum Corporation (KPC) компаниясының халықаралық downstream-бөлімшесі болып табылады. Компания Q8 брендімен жұмыс істейді және мұнай өңдеу, мұнай-химия, авиациялық отын және мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу салаларында қызмет атқарады. KPI-дің бірлескен кәсіпорындарды қоса есептегендегі халықаралық бөлшек сауда желісі 4,5 мыңнан астам жанармай құю станциясын қамтиды және, атап айтқанда, Италияда, Испанияда, Португалияда, Бельгияда, Нидерландыда, Люксембургте, Швецияда және Вьетнамда ұсынылған. Компания сондай-ақ Италия, Вьетнам және Омандағы ірі мұнай өңдеу және мұнай-химия жобаларына қатысады.