
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Тұрақты даму мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Рим Әл-Фулайджпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қазақстандық-кувейттік ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан Елшісі еліміздің өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бірі ретіндегі әлеуетін атап өтіп, Қазақстанның Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес болуға дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, қазақстандық бидай, сиыр еті, қой еті, өсімдік майлары және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан аумағында заманауи өндірістік және қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға кувейттік инвестицияларды тарту әлеуеті таныстырылды.
Кувейттің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған мамандандырылған арнайы экономикалық аймақ құру жоспарларына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты қазақстандық тарап Қазақстанның Кувейттің болашақ қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен және дайын өніммен қамтамасыз ететін сенімді өндірістік база ретінде қарастырылуын ұсынды.
Сондай-ақ тараптар салынып жатқан «Gulf Railway» өңірлік теміржол желісін Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерімен, ең алдымен «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ықпалдастыру перспективаларын талқылады. Мұндай байланыс болашақта Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне жеткізудің тиімді логистикалық тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Өз кезегінде Рим Әл-Фулайдж азық-түлік қауіпсіздігі Кувейттің негізгі мемлекеттік басымдықтарының бірі екенін растады. Ол Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тартуға, бірлескен өндірістерді дамытуға және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Кувейт нарығына ұзақ мерзімді жеткізілімдерін ұлғайтуға қызығушылық білдірді.