
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Экономикалық мәселелер және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік министрі Абдалазиз Әл-Марзуқпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.
Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны ел экономикасының қазіргі жай-күйі, оның тұрақты өсу қарқыны және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған реформалар туралы хабардар етті.
Кувейт инвестицияларын Қазақстан экономикасына тарту мәселелеріне, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен жобаларды іске асыруға, бірлескен кәсіпорындар құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Қазақстанның Кувейт пен Парсы шығанағының өзге мемлекеттерін сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етудегі сенімді серіктес ретіндегі рөлі атап өтілді. Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті.
«Alatau City» жобасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы халықаралық инвесторлардың елеулі қызығушылығын тудырып отырған бұл жоба кувейттік бизнес үшін де практикалық қызығушылыққа ие екеніне сенім білдіріп, оның бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атынан Мемлекеттік министрге Қазақстанға сапармен келуге арналған шақыру хатын табыс етті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.
Кувейт Мемлекетінің Экономикалық мәселелер және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік министрі Kuwait Investment Authority (KIA) Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. KIA – Кувейт мемлекетінің ұлттық әл-ауқат қоры және басқаруындағы активтерінің жалпы көлемі шамамен 1 триллион АҚШ долларын құрайтын әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық қорлардың бірі. Сонымен қатар, министр Kuwait Direct Investment Promotion Authority (KDIPA) Директорлар кеңесін басқарады. KDIPA – тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, стратегиялық инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге және Кувейттің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жауапты мемлекеттік орган.