
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 7 маусым – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Қаржы министрі Якуб Әл-Рефаимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Кувейт арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру барысын талқылады.
Қазақстан-Кувейт сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысын өткізуге дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Комиссияның кезекті отырысын 2026 жылдың екінші жартысында өткізуді ұсынып, аталған тетіктің екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту және бірлескен бастамаларды іске асыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Кувейт Мемлекеті Үкіметі арасындағы табыстарға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы келісімге қол қоюға дайындық барысын талқылады. Құжат бойынша жұмыс аяқталу сатысында екені, ал оған қол қою екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатыны атап өтілді.
Қазақ Елшісі сұхбаттасушысын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерімен таныстырып, Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін және оның Орталық Азиядағы жетекші экономикалардың бірі ретіндегі ұстанымын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен кувейттік инвестицияларды тартудың перспективалы бағыттары таныстырылды.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Кувейт Мемлекетінің Қаржы министріне Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің екі тарап үшін қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру хаты табыс етілді. Алдағы сапар екі ел арасындағы қаржы-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін беретіні атап өтілді.
Кувейт тарапы шақыруды ризашылықпен қабылдап, Қазақстан тарапының сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларын қарастыруға қызығушылық білдірді.