Кувейт корольдік әулетінің өкілдері Қазақстанның ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытуда

Кувейт корольдік әулетінің өкілдері Қазақстанның ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытуда

Әл-Кувейт, 2026 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Шейха Ухуд Салем Әл-Али Әc-Сабахпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстанның әлемдегі ірі астық экспорттаушы мемлекеттердің бірі екені, ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайтыны атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның май өнімдері нарығындағы позициясын нығайтып, алғаш рет күнбағыс майын экспорттаушы әлемнің үздік 10 елінің қатарына енгені айтылды.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі еліміздің тек Кувейт Мемлекетінің ғана емес, бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын, соның ішінде экологиялық таза әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Осы тұрғыда тараптар «Al Deira» компаниясының өкілдерімен бірлесіп, Қазақстанның ет өнімдерін, соның ішінде сиыр және қой етін Кувейт нарығына жеткізу перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Кувейт тарапы қазақстандық жетекші ет өндірушілерімен және жеткізушілерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың жазында кувейттік тарап өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сапар аясында ынтымақтастық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу, салалық кәсіпорындармен кездесулер өткізу және қазақстандық ет өнімдерін импорттау перспективаларын талқылау жоспарлануда.

Тараптар сондай-ақ жылжымайтын мүлік және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, «Al Ahd Al Mushtarak» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде «Alatau City» жедел даму қаласы жобасын іске асыруға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Қазақстан тарапы жобаның әлеуеті, арнайы құқықтық мәртебесі және шетелдік инвесторлар үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынды.

Кездесу соңында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстан мен Кувейт іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға өзара қызығушылықтарын растады.

«Al Deira» компаниясы Кувейт Мемлекетінің азық-түлік дистрибуциясы саласында қызмет атқарып, сауда желілеріне, мейрамханаларға, қонақүйлерге және HoReCa секторындағы өзге де жерлерге өнім жеткізеді. Компания Кувейттің азық-түлік дистрибуциясы нарығындағы елеулі ойыншылардың бірі болып табылады және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасынан ет өнімдерінің импортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда.

2001 жылы құрылған «Al Ahd Al Mushtarak» компаниясы Кувейт Мемлекетінде құрылыс, жылжымайтын мүлік, нысандарды басқару және интерьер дизайны салаларында қызмет атқарады. Компаниялар Шейха Охуд Салем Әл-Али Әс-Сабахтың отбасылық бизнес құрылымына кіреді.

Шейха Охуд Әл-Салем Әл-Али Әс-СабахКувейттің қоғам қайраткері әрі кәсіпкері, жылжымайтын мүлік, активтерді басқару, жастарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау салаларындағы бірқатар компаниялар мен бастамалардың негізін қалаушы. Оның жетекшілігімен жылжымайтын мүлік саласындағы жобалар, сондай-ақ жас таланттарды қолдау мен креативті индустрияларды дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда.