
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 13 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Finance House (KFH) Директорлар кеңесінің төрағасы Хамад Әл-Марзукпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық, банк және сауда-экономикалық салалардағы қазақстандық-кувейттік ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақ Елшісі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп саласындағы, оның ішінде ет өнімдерін өндірудегі зор әлеуетін атап өтіп, еліміздің Кувейт Мемлекеті мен бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Осы тұрғыда қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Кувейт нарығына жеткізу мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан аумағында агроөнеркәсіптік және мал шаруашылығы кәсіпорындарын құру бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Alatau City» жобасы туралы хабардар етті. Бұл жоба – инновациялық және инвестициялық инфрақұрылымы дамыған, жедел даму қағидаттарына негізделген заманауи цифрлық қала ретінде қалыптасып жатқан еліміздегі ең ірі урбанистикалық жобалардың бірі. Осыған байланысты қазақстандық тарап ағымдағы жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған бизнес-делегацияның Кувейт Мемлекетіне жұмыс сапарын ұйымдастыру жоспарлары туралы хабарлады. Сапар аясында «Alatau City» жобасын Кувейттің іскерлік және инвестициялық қауымдастығына таныстыру көзделуде.
Кувейт тарапы азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық білдіріп, қазақстандық компаниялармен өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастыру ниетін жеткізді. Сонымен қатар, Kuwait Finance House өкілдері банк секторындағы ынтымақтастықты дамытуға, атап айтқанда Қазақстанда банктік қызметті жүзеге асыруға лицензия алу рәсімдері мен талаптарын зерделеуге қызығушылық танытты.
1977 жылы құрылған Kuwait Finance House (KFH) – Кувейт Мемлекетіндегі алғашқы ислам банкі және әлемдегі жетекші исламдық қаржы институттарының бірі. Құны шамамен 11,6 млрд АҚШ долларын құраған Ahli United Bank Group банкін сатып алғаннан кейін KFH активтері 140 млрд АҚШ долларынан асатын Кувейттегі ең ірі банкке айналды, ал нарықтық капитализациясы шамамен 47 млрд АҚШ долларын құрайды. Топ 12-ден астам елде, соның ішінде Түркияда қызмет жүргізеді. Түркиядағы негізгі активтерінің бірі – елдегі ең ірі ислам банктерінің бірі болып табылатын Kuveyt Türk Participation Bank. KFH исламдық облигациялар (сукук) нарығындағы жетекші ойыншылардың бірі болып табылады және Таяу Шығыс, Еуропа мен Азия елдеріндегі инфрақұрылым, энергетика, жылжымайтын мүлік және исламдық инвестициялық банкинг салаларындағы ірі жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысады. 2026 жылы KFH Лондон қор биржасында 1 млрд АҚШ доллары көлемінде сукук орналастырды.