
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Мұнай министрі Тарик Әл-Румимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Қазақстан Республикасы көмірсутек шикізатын терең өңдеуді дамыту және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін кеңейту бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанын атап өтті. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев айқындаған басымдықтарға толық сәйкес келеді.
Кездесу аясында Елші Е. Елекеев кувейттік тарапқа Қазақстанның мұнай өңдеу секторындағы инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігін, соның ішінде құрылысы Қазақстан Республикасы Үкіметі деңгейінде пысықталу сатысында тұрған төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жобасын қарастыруды ұсынды.
Мұнай министрі Т. Әл-Руми Кувейттің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады және кувейттік тарап ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының аумағындағы перспективалы инвестициялық жобаларды зерделеуді бастау ниетін білдірді.
Келіссөздер барысында Елші Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Е. Ақкенженовтың атынан Министрге 2026 жылғы 30 қыркүйек – 1 қазан аралығында Алматы қаласында өтетін Мұнай және газ жөніндегі 30-шы мерейтойлық Қазақстан халықаралық көрмесі мен конференциясына (KIOGE) қатысуға шақыру хатын табыстады.
Тараптар инвестициялық бастамаларды пысықтауды және көмірсутектерді өңдеу және мұнай-химия саласында тәжірибе алмасуды қоса алғанда, мұнай-газ саласындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендігін растады.
Кувейт Мемлекеті әлемдік мұнай нарығының негізгі ойыншыларының бірі болып табылады: соңғы жылдары елдегі мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 2,5–2,9 млн баррельді (жылына 120 млн тоннадан астам) құрайды. Кувейт мұнай өңдеу және мұнай-химия саласын дамытуда айтарлықтай тәжірибеге ие және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде ілгерілетуде. Соның ірі мысалдарының бірі – қуаттылығы тәулігіне шамамен 615 мың баррельді құрайтын «Аз-Зур» мұнай өңдеу кешені, Таяу Шығыстағы ең ірі МӨЗ-дердің бірі. Мұнай өңдеу зауытын салуға жұмсалған инвестициялар көлемі шамамен 14–16 млрд АҚШ долларына бағаланады. Зауыт мұнайды терең өңдеуге және өнімнің кең спектрін шығаруға бағытталған, оның ішінде күкірт мөлшері төмен электр станцияларына арналған отын, дизель отыны, керосин және авиациялық отын, сондай-ақ қазіргі экологиялық стандарттар мен экспорттық талаптарға сәйкес келетін басқа да мұнай өнімдері бар. Кешен көмірсутектерді өңдеуді дамыту, мұнай өнімдерінің экспортын арттыру және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін кеңейту жөніндегі Кувейт стратегиясында маңызды рөл атқарады.