Қазақстан мен Kuwait Fund for Arab Economic Development инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастықты қайта жандандырады

Қазақстан мен Kuwait Fund for Arab Economic Development инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастықты қайта жандандырады

Әл-Кувейт, 2026 жылғы 8 ақпан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Fund for Arab Economic Development Бас директорының м.а. Уалид Әл-Бахармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Kuwait Fund for Arab Economic Development (KFAED) арасындағы ынтымақтастықты қайта жандандыру және нығайту перспективаларын, сондай-ақ басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін техникалық көмек құралдарын тарту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қордың 2026 жылы Қазақстан Республикасына техникалық көмек көрсету мақсатында 5 млн АҚШ долларына дейін қаражат бөлуге дайын екендігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған қолдау технико-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ бейінді мамандарды даярлау мен оқытуға бағытталады, бұл жобаларды сапалы дайындауға және оларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

KFAED үшін өзекті басым бағыттар ретінде энергетикалық инфрақұрылымды, соның ішінде қосалқы станцияларды жаңғырту, тазарту құрылыстарын салу және жаңарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын салу және дамыту айқындалды.

Қазақ Елшісі Қордың техникалық көмек құралдарын тарту инфрақұрылымдық жобаларды дайындау сапасын арттыруға, оларды іске асыру мерзімдерін жеделдетуге және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Kuwait Fund for Arab Economic Development басшылығы Қазақстанмен ынтымақтастықты қайта жандандыруға және оны одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Қазақстаннан ресми делегацияны Кувейтте қабылдап, өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары мен нақты бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылауға дайын екендігін растады.

Тараптар алдағы кезеңде Қор қолдауымен іске асырылуы мүмкін жобалардың тізбесін айқындау мақсатында профильдік ведомстволар арқылы тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.

Kuwait Fund for Arab Economic Development Азия, Африка және басқа да өңірлердегі жобаларға қаржылық және техникалық қолдау көрсететін жетекші өңірлік даму институттарының бірі болып табылады. Қор 1961 жылы құрылған және инфрақұрылым, энергетика, көлік және әлеуметтік-экономикалық даму салаларындағы бастамаларды қолдауға маманданған. Қызметі барысында мақұлданған қаржыландыру көлемі ондаған миллиард АҚШ долларынан асып, жобалар әлемнің 100-ден астам елінде жүзеге асырылуда. Қор жыл сайын басым даму жобаларын қолдау үшін жеңілдетілген несиелер мен техникалық көмекке елеулі қаражат бөледі.