
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 28 қаңтар – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеевтің Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс экономика және қаржы орталығының (IMF CEF) директоры Сами Бен Насермен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар әлемдік экономикадағы ағымдағы үрдістер мен сын-қатерлер туралы пікір алмасты, сондай-ақ жаһандық тұрақсыздық жағдайында тұрақты экономикалық өсуді және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.
Талқылау шеңберінде қазақстандық тарап агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік өнімдерін экспорттау және ауыл шаруашылығы тауарларын тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы елдің әлеуетін таныстырып, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы сенімді әріптес ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.
Кувейтте азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне және Қазақстан Республикасының Таяу Шығыс елдерінің, оның ішінде Кувейт Мемлекетінің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосатын үлесіне арналған бірлескен сараптамалық іс-шараны өткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар ынтымақтастықты дамытуға, сараптамалық диалогты жалғастыруға және бейінді ведомстволар мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын пысықтауға өзара мүдделілік білдірді.
Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс экономика және қаржы орталығы (IMF CEF) – Кувейтте орналасқан экономикалық саясат пен қаржылық басқару саласында 22 араб мемлекетіне қолдау көрсететін аймақтық орталық. Орталық экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және өңір елдерінің институционалдық әлеуетін дамытуға ықпал ете отырып, оқытумен, тәжірибе алмасумен және сараптамалық қолдаумен айналысады.