
Әл-Кувейт, 2025 жылғы 29 қазан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейттің «Al-Yasra Foods» жетекші азық-түлік компанияларының бірінің Бас директоры Джордж Аби Наджмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты, атап айтқанда, сиыр еті, күнбағыс майы, құс еті және басқа да азық-түлік тауарларын қоса алғанда, Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласындағы даму перспективаларын талқылады.
Кувейттік «Al-Yasra Foods» компаниясы қазақстандық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары сапалы өнімді жеткізуге тікелей келісімшарттар жасасу мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Қазақ Елшісі еліміздің агроөнеркәсіптік кешенде айтарлықтай әлеуетке ие екенін және Шығанақ мемлекеттеріне, оның ішінде Кувейтке экологиялық таза өнімдерді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
Тараптар ақпарат алмасуды және өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
1989 жылы құрылған «Al-Yasra Foods» компаниясы аймақтағы азық-түлік тауарларының ірі дистрибьюторлары мен импорттаушыларының қатарына кіреді. Ол әлемдегі жетекші брендтермен серіктес және 30 000-нан астам сауда нүктелерін қамтитын кең жеткізу желісіне ие. «Al-Yasra Foods» компаниясының Иракта, Сауд Арабиясында және Біріккен Араб Әмірліктерінде филиалдары бар, бұл оны мұздатылған тағамдарды, ет және сүт өнімдерін, майлар мен сусындарды таратудағы негізгі аймақтық ойыншылардың біріне айналдырады.