Қазақстан мен Кувейт екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды нығайтуда

Қазақстан мен Кувейт екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды нығайтуда

Әл-Кувейт, 2025 жылғы 23 шілде – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Абдалла Әли Әл-Яхьямен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі еліміз Кувейт Мемлекетімен саяси ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық диалогты тереңдетуге ұмтылатынын атап өтті.

Сұхбат барысында қазақ дипломаты Кувейттің сыртқы саяси ведомствосының басшысын Қазақстан Республикасының экономикалық даму басымдықтарымен таныстырып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің алдына 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 450 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті. Сонымен қатар, осы кезеңде елге 150 миллиард АҚШ доллары сомасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспарлануда.

Осыған байланысты қазақстандық тарап Кувейт бизнес-қоғамдастығының өкілдерін агроөнеркәсіптік кешенді, логистика мен жасанды интеллектті қоса алғанда, экономиканың неғұрлым перспективалы салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Кездесу аясында Қазақстан Елшісі Кувейт Сыртқы істер министріне сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Әңгіме соңында Елші Е. Елекеев өзара сенім, ортақ өркендеу мен берік достыққа негізделген Қазақстан мен Кувейт арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.