
1993 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшілігі ашылды.
2015 жылы Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ашылды.
2025 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі – Ержан Елекеев.
2026 жылғы сәуірден бастап Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Адель Ахмед Сүлейман Әл-Ғенайман.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 ж. 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Кувейт Мемлекетіне жасаған ресми сапары кезінде қаланды.
2020 ж. 15 ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының аясында Кувейт Мемлекетінің Премьер-министрі шейх Сабах Халид Әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесті.
2023 жылғы 19 шілдеде «Орталық Азия – ПШАМЫК» бірінші саммитінің шеңберінде кувейт тарапының бастамасымен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мишааль Әл-Ахмад Әл-Джабер Ас-Сабахпен кездесті.
2023 ж. 19 желтоқсанда ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Ә.Нұртілеу бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясының Кувейтке сапары өтті. Сапар барысында ҚР делегациясының басшысы Кувейт Мемлекетінің Әмірі шейх Мишааль Әл-Ахмад Әл-Джабер Ас-Сабахпен кездесу барысында Кувейттің 16-шы Әмірінің қайтыс болуына орай көңіл айтты және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жеке жолдауын жеткізді.
2024 жылғы 12 қарашада Баку қаласында өткен COP29 Дүниежүзілік климат саммитінің алаңында Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мишааль Әл-Ахмад Әл-Джабер Ас-Сабахпен кездесті.
Парламентаралық ынтымақтастық
2002 ж. қазанда Орталық Азия елдеріне жасаған турне аясында Кувейт Ұлттық Ассамблеясының делегациясы Қазақстанға іссапар жасады.
2010 ж. 25-26 маусымда Кувейт Мемлекетінің Ұлттық Ассамблеясының парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшесі, депутат Уалид Мусаид әл-Табтабаги бастаған Кувейт парламенттік делегациясы Қазақстанда ресми сапармен болды.
2019 ж. 22-24 қыркүйекте Кувейт Ұлттық ассамблеясының төрағасы Марзук Әли Әл-Ғаним бастаған кувейттік делегация Астана қ. өткен «Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесінің» жұмысына қатысты.
2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы тауар айналымы 455,7 мың АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Кувейтке экспортының көлемі 455,7 мың АҚШ долларын құрады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) сынды тетігі арқылы өзара тиімді іс-қимылдарын институттандыру елдеріміз арасындағы қатынастардың сенімгерлік сипатының дәлелі болып табылады. ҮАК-тің 1-ші отырысы 2008 ж. қарашада Астана қ., 2-ші отырысы 2010 ж. қаңтарда Әл-Кувейт қ., ал 3-ші отырысы 2013 ж. 23-24 қыркүйекте Астана қ. өтті.
2008 ж. 15-16 желтоқсан аралығында Кувейтте Қазақстанның Мәдениет күндері өтті.
2018 ж. 12-15 қаңтар аралығында А.Мұхитдинованың жетекшілігімен «Астана Опера» опера және балет театрының камералық оркестрі Кувейтте өткен Гарин фестиваліне қатысты.
2008 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің студенттері Кувейт мемлекеттік университетінің тіл орталығында жыл сайын екіжылдық араб тілі курстарында білім алуда.
2021 ж. 10-20 қыркүйек аралығында Шымкент қ. өткен стенд ату бойынша 14-ші Азия чемпионатына 16 кувейттік спортшы қатысты.
2021 ж. 19-22 желтоқсан аралығында Алматы қ. каратэ спортынан өткен 17-ші Азия чемпионатына Кувейттік 40 спортшы қатысты.
2022 ж. 13-16 қазан аралығында Кувейтте жеңіл атлетикадан 18-жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы 4-ші Азия чемпионатына Қазақстандық ұлттық құрама командасы қатысты. Спорт сайысына қатысқан Қазақстанның ұлттық құрамасының спортшылары – 3 алтын, 4 күміс және 1 қола медальдарының жүлдегері атанды.
2022 ж. 7-24 желтоқсан аралығында қысқы маусымдық дайындық және Кувейттің ұлттық құрамасымен сайыс өткізу мақсатында «Қазақстандық спорттық ату федерациясының» спортшылары Әл-Кувейт қ. болды.
2023 ж. 28-29 сәуір аралығында Кувейтте дзюдо спортынан қыздар мен жігіттер арасында өткен «Азия кубогы-2023» сайысына Қазақстандық ұлттық құрама командасының спортшылары қатысып, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальдарының жүлдегері атанды.
2023 ж. 8-10 қараша аралығында Алматы қ. каратэ спортынан жастар арасында өткен Азия чемпионатына Кувейттің ұлттық құрамасы қатысты.
2024 жылғы 11-23 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының 18 мүшесі стендтік атудан лицензиялық Азия чемпионатына қатысты. Жарыс барысында қазақстандық спортшылар 3 алтын және 4 қола медаль жеңіп алды.
2024 жылғы 21-27 маусым аралығында Қазақстан Республикасының семсерлесуден ұлттық құрама командасы Эль-Кувейт қаласында өткен семсерлесуден Азия чемпионатында елеулі жетістікке қол жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның әйелдер командасы күміс медальдарды жеңіп алды. Ерлер құрамасы бір алтын және екі қола медаль иеленді.
2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Кувейт Мемлекеті ұлттық құрамасының мүшесі Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты.
2024 жылғы 20-30 қыркүйек аралығында Кувейт Мемлекетінің стендтік атудан ерлер құрама командасы Алматы облысындағы А. Асанов атындағы атыс клубында өткен «Азия кубогы – 2024» жарысында елеулі жетістікке қол жеткізді. Ерлер арасындағы «дубль-трап» жаттығуының командалық есебінде Кувейт Мемлекетінің құрама командасы алтын медаль жеңіп алды.
2025 жылғы 26 қарашада Киото қаласында (Жапония) Қазақстанның қазіргі бессайыс федерациясы мен Кувейттің қазіргі бессайыс федерациясы арасында қазіргі бессайысты дамыту, тәжірибе алмасу, спортшылар мен мамандарды даярлау, сондай-ақ бірлескен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Астана мен Эль-Кувейт арасындағы іскерлік және мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандыру мақсатында 2019 жылдан бастап Кувейт азаматтары үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз режим енгізілді.