ҚР Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев Малайзияның жетекші автокөлік өндірушісі – «Протон» компаниясы жүзеге асырған «Протон Сити» көпфункционалды қалашығына жұмыс сапарымен барды. Аталған нысанда компанияның бас кеңсесі, өндірістік кешені, сондай-ақ қызметкерлердің өмір сүруіне қажетті әлеуметтік инфрақұрылым орналасқан.
Сапар барысында қазақ дипломаттары зауыттың жұмысымен және өнім желісінің кеңейтілуіне байланысты даму жоспарларымен танысты. «Протон» компаниясы өндірілетін барлық автокөлік үлгілерін, соның ішінде алғашқы малайзиялық электр көлігін ұсынды.
Кездесу аясында қазақстандық тарап Малайзия компаниясына еліміздің экономикалық әлеуеті мен қолайлы инвестициялық климаты туралы ақпарат берді. Келіссөздер барысында Қазақстан Елшісі мен компания басшылығы «Протон» өнімдерін қазақстандық нарыққа шығару және өндірісті кезең-кезеңімен жергіліктендіру мүмкіндігін талқылады. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдіріп, жұмыс бағытын жалғастыруға уағдаласты.