Малайзия бизнесі Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруда

Малайзия бизнесі Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруда

Куала-Лумпур, 2025 жылғы 21 наурыз - Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Б. Сүгірбаев Малайзияның Ұлттық сауда және өнеркәсіп палатасының (NCCIM) басшылығымен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы іскерлік белсенділікті ілгерілету, сондай-ақ Орталық Азия мен АСЕАН нарықтары арасындағы логистикалық байланыстарды нығайту бойынша нақты қадамдар талқыланды. Тараптар Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыруға уағдаласты, сондай-ақ Үкіметаралық комиссия мәртебесі аясында жұмыс істейтін Бірлескен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің (БСЭК) кезекті отырысын дайындауға NCCIM қатысу мәселелерін қарастырды.

Кездесу барысында көлік байланысын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. NCCIM өкілдері жолаушылар мен жүк логистикасын дамыту, оның ішінде Қытай Халық Республикасы арқылы тікелей әуе қатынасы мен теміржол маршруттарын іске қосу маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, олар Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған соңғы сапарының нәтижелерімен бөлісіп, бұл өңірдің АСЕАН нарықтарымен жоғары деңгейдегі логистикалық байланысын ерекше атап өтті.

Туристік алмасуды дамыту тұрғысында NCCIM өкілдері Малайзия мен Қазақстан арасындағы тікелей әуе рейстерінің маңыздылығын баса айтты. Бұл өз кезегінде туризм мен іскерлік байланысты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Малайзияның Ұлттық сауда және өнеркәсіп палатасының басшылығы малайзиялық кәсіпкерлер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің іскерлік топтары арасындағы байланысты кеңейтуге белсенді қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Тараптар ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттары бойынша одан әрі іс-қимылдарды айқындады.