Қазақстанды өнер, гастрономия және туризм арқылы танып-білу: Куала-Лумпурдағы Қазақстан мәдениеті апталығының негізгі сәттері

Қазақстанды өнер, гастрономия және туризм арқылы танып-білу: Куала-Лумпурдағы Қазақстан мәдениеті апталығының негізгі сәттері

Елдің туристік әлеуетін ілгерілету және мәдени байланыстарды дамыту мақсатында ү.ж. 7-10 қараша аралығында Куала-Лумпурда Қазақстан мәдениеті апталығы өткізілді.

Ең беделді сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі — Pavilion Damansara Heights Mall ғимаратының басты залын үш метрлік қазақтың киіз үйі безендірді. Сауда орталығына келген қонақтарға Қазақстанның табиғаты, инфрақұрылымы мен мәдениеті туралы бейнероликтер көрсетілді, қазақша әуендер қойылып, қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.

Қазақстан мәдениеті апталығы аясында еліміздің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында роуд-шоу ұйымдастырылды. Алматы қаласының әкімдігі мен отандық компаниялар Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, Малайзияның туристік компанияларымен келіссөздер жүргізді.

Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Бұлат Сүгірбаев осындай шаралардың екі халықтың мәдениеттерін жақындастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, визасыз режим мен Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы тікелей рейстердің арқасында малайзиялық туристерге Қазақстанды, оның бай мәдениеті мен ерекше табиғатын танып-білуге тамаша мүмкіндік туып отырғанын айтты.

Малайзияның ұлттық туристік компаниясы Tourism Malaysia өкілі Салина Сэни Қазақстан мен Малайзия арасындағы туристік ағынның екі бағытта да артқанын атап өтті. Ол мұндай іс-шараларға қызығушылықтың жоғары деңгейін және екіжақты туризмге оң әсерін ерекше атап өтті.

Қазақстан мәдениеті апталығына шамамен үш мың адам қатысты. Соңғы күні Елшілік «Air Asia X» малайзиялық әуекомпаниясымен және басқа да демеушілермен бірлесіп, Куала-Лумпур – Алматы – Куала-Лумпур бағыты бойынша екі билет, Көлсай және Қайыңды көлдері мен Шарын шатқалына екі күндік тур, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына билеттер, сондай-ақ Астана орталық мешітінің бейнесі бар 1 грамм алтын ұтысқа таратты.

Іс-шараның нәтижесінде Қазақстанның Малайзиядағы танымалдылығы артты, сондай-ақ Қазақстан мен Малайзия туристік саласындағы кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстар орнатылды. Қазақстан мәдениеті аптасы малайзиялықтардың Қазақстан мен Орталық Азияға деген қызығушылығын арттырды.

Қазақстан мәдениеті апталығының ұйымдастырылуына Алматы қаласы әкімдігі белсене қатысты. Шараға Шымбұлақ Девелопмент ЖШС, «Sky Way» ЖШС мен «Kazin International» қазақ туристік операторлары, Tourism Malaysia ұлттық туристік компаниясы, Малайзияның туристік саласындағы 30-дан астам өкілдері, сондай-ақ жергілікті блогерлер мен инфлюенсерлер атсалысты.