Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының делегациясы Малайзияға жұмыс сапарымен келді

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының делегациясы Малайзияға жұмыс сапарымен келді

2022 ж. 28 шілде, Куала-Лумпур. 24–27 шілде аралығында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Ерлан Байдәулет бастаған делегация Малайзияға жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Малайзия Сыртқы істер министрінің орынбасары Камарудин Джаффармен және Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрінің орынбасары Ахмад Хамзамен кездесулер өтті. Екі министрліктің басшылығымен келіссөздер барысында Малайзия Ұйымның азық-түлік қауіпсіздігі, сауда-инвестиция және логистика саласында атқарып жатқан бастамаларына қосылу перспективалары ерекше атап өтілді.

К.Джаффар Қазақстан мен Малайзияның барлық саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, жаһандық ауқымда өзекті азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында АҚИҰ делегация мүшелері Малайзияның Пальма майы кеңесінің, Инвестицияларды дамыту агенттігінің, Халықаралық сауда және индустрия палатасының және т.б. басшылығымен жемісті келіссөздер жүргізді. Бұған қоса, Ұйым делегаттары жыл сайынғы «MIACES-2022»  Малайзияның халықаралық агроөнеркәсіптік көрмесі және саммитінің арнайы қонақтары болды. Саммит барысында Е.Байдәулеттің Малайзия Премьер-Министрі Сабри Якобпен және Малайзияның плантациялық өнеркәсіп және тауарлар министрі Зурайд Камаруддинмен кездесулері өтті.

Кездесулер барысында малайзиялық тарапқа АҚИҰ таныстырылды және Малайзияның осы Ұйымға мүшесі болу перспективалары талқыланды.

АҚИҰ – 2011 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған және азық-түлік қауіпсіздігін, индустриялық дамуды және ресурстық жұмылдыруды қамтамасыз етуге маманданған Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) арнайы институты. Бүгінгі таңда 37 ел АҚИҰ мүшесі болып табылады.