«Орталық Азия–Малайзия» ынтымақтастығы нығаюда

«Орталық Азия–Малайзия» ынтымақтастығы нығаюда
2022 жылғы 30 маусым, Путраджая. Малайзия Сыртқы Істер Министрлігі және СІМ жанындағы Дипломатия және халықаралық қатынастар институты Орталық Азия елдерінің елшіліктерімен бірлесіп дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығына арналған «Дипломатиялық қатынастарға 30 жыл: Малайзия–Орталық Азия – дамудың жаңа белестері» атты симпозиум ұйымдастырды.
 
Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Камарудин Джафар, Орталық Азия елдерінің елшілері, дипломатиялық корпус, «think tank» басшылары, бизнес топтардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және т.б. қатысты.
 
Симпозиумның ашылуы барысында К.Джафар Орталық Азия Малайзиялық бизнес үшін маңызды екенін атап өтті. «Бүгінде біздің қарым-қатынасымыз экономика, инвестиция, туризм, білім және мәдени дипломатия сияқты барлық салада дамып келеді» – деді ол. Байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын белгілей отырып, малайзиялық дипломат Малайзия айтарлықтай табысқа қол жеткізген салаларда, атап айтқанда логистикалық инфрақұрылымды, телекоммуникацияны, цифрлық экономика мен халал-индустрияны дамытуда өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты.
 
Панельдік сессия барысында Қазақстан Елшісі Болат Сүгірбаев Қазақстан мен Малайзияның соңғы 30 жылда жеткен негізгі жетістіктері, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлері арасындағы ынтымақтастық перспективалары туралы сөз қозғады.
 
Өңіраралық күн тәртібіне қатысты қазақстандық дипломат екі мәселеге: Орталық Азия өңірінің Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы «көпір» рөліне, сондай-ақ оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіндегі әлеуетін ашуға егжей-тегжей тоқталды. Осы және басқа да міндеттерді іске асыру үшін Б.Сүгірбаев Орталық Азия өңірі мен АҚШ, Еуропалық Одақ, Қытай, Үндістан, Корея және Жапония арасындағы алаңдар мысалында «Орталық Азия+АСЕАН» атты жаңа алаң құру идеясын ұсынды.
 
Симпозиумның ресми бөлімінен кейін Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдері шығармашылық көрме ұйымдастырды. Онда ұлттық тағамдар, мәдениет және өнер бұйымдары ұсынылып, шағын концерт қойылды.