ҚР СІМ-де АӨСШК-ке қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын іске асыру барысы талқыланды

ҚР СІМ-де АӨСШК-ке қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын іске асыру барысы талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 14 мамыры – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің төрағалығымен АӨСШК мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтіп, оған ҚР мемлекеттік органдары мен мекемелерінің, сондай-ақ АӨСШК Хатшылығының өкілдері қатысты.

Отырыстың қатысушылары Қазақстанның АӨСШК-ке төрағалығының басымдықтарын және АӨСШК Сенім шаралары каталогын іс жүзінде іске асыру, сондай-ақ 2021 жылға жоспарланған қазақстандық төрағалық шеңберіндегі іс-шараларын өткізу мәселелерін талқылады.

Ш.Нұрышев өз сөзінде төрағалықтың негізгі басымдығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АӨСШК-ті халықаралық ұйымға трансформациялау жөніндегі бастамасын дәйекті түрде ілгерілету екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кеңесті одан әрі институционализацияландыру – Даналар кеңесін, АӨСШК Қорын құруға және АӨСШК талдау орталықтары форумының рөлін нығайтуға бағытталған бастамаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Азиядағы сенім шараларын нығайту мен АӨСШК институционалдық дамытудың маңызды элементтері ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мекемелерінің 2021 жылға жоспарланған АӨСШК іс-шараларын, оның ішінде эпидемиологиялық қауіпсіздік, цифрлық экономика, білім беру, туризм, экология, жасыл энергетика, көлік және логистика, өңірлік қауіпсіздік және т.б. салалардағы іс-шараларды өткізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Елші Қайрат Сарыбай Қазақстан төрағалығы шеңберіндегі іс-шараларды табысты өткізу үшін жұмыс тобы мүшелері мен Хатшылық арасында тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтіп, сондай-ақ ҚР мемлекеттік органдары мен мекемелерін басқа мүше мемлекеттер өткізетін іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобының қатысушылары ҚР-дың АӨСШК-ке төрағалық ету басымдықтарын бірлесіп ілгерілетуді одан әрі үйлестіру үшін тұрақты кездесулер өткізуге уағдаласты.