Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі Пенангтағы Қазақстанның Құрметті консулы Луис Нгтің қолдауымен Куала-Лумпурда Наурыз мерекесіне арналған ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға 200-ден астам қонақ қатысты. Олардың қатарында қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық студенттер, Малайзияның мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның Малайзиядағы елшілері болды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Наурыздың жаңару, бейбітшілік, келісім мен бірліктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, бұл мереке Қазақстанның терең мәдени дәстүрлерін бейнелеп, елдер арасындағы мәдени диалогты нығайтуға зор үлес қосатынын жеткізді.
Қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды: қазақтың дәстүрлі әндері мен билері, домбыра мен қобызда орындалған музыкалық шығармалар, «Арқан тарту», «Асық ату» ұлттық ойындары, армрестлинг, сондай-ақ «Тұсау кесу» атты қасиетті қазақ рәсімі көрсетілді.
Іс-шара барысында қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, Наурыз көжеден ауыз тиді – бұл мерекенің басты асы, молшылық пен берекенің символы. Сонымен қатар, мереке аясында палаудың тікелей дайындалуы ерекше қызығушылық тудырып, қонақтарға Орталық Азия асханасындағы ең танымал тағамдардың бірінің әзірлену үдерісін тамашалауға мүмкіндік берді.
Куала-Лумпурда өткен Наурыз мерекесі қазақ мәдениетінің байлығын айқын көрсетіп, халықтар арасындағы достықты нығайтуға және өзара түсіністік пен мәдениетаралық құрметті ілгерілетуге ықпал етті.