Куала-Лумпур, 2026 жылғы 11 наурыз – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев Малайзияның Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Джохари бин Абдул Ганимен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры басшылығы және Allur Group компаниясының өкілдері қатысты.
Елші Б. Сүгірбаев екі ел арасындағы сауда көлемінің айтарлықтай артқанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 53%-ға өсіп, 221 млн АҚШ долларына жетті. Ынтымақтастыққа қосымша серпін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған сауда делегациясының Малайзияға сапары, сондай-ақ өткен жылы QazTrade пен оның малайзиялық серіктесі MATRADE арасында ынтымақтастық туралы меморандумның қол қойылуы арқылы берілді.
Өз кезегінде Дж. бин Абдул Гани Малайзия Қазақстанды Орталық Азия нарықтарына шығу үшін маңызды серіктес әрі ірі өңірлік хаб ретінде қарастыратынын атап өтті. Министр сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимыл тетіктерін, соның ішінде Бірлескен сауда-экономикалық комитеттің кезекті отырысын өткізу және Қазақстан–Малайзия Іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Б. Сүгірбаев Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік торап ретіндегі стратегиялық рөлін, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту аясында атап өтті. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс Азияның материктік бөлігі мен Қытай арасындағы теміржол байланысының кеңеюі аталған бағытпен жүк ағындарын ықпалдастыруға қосымша мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Елші Қазақстан малайзиялық компаниялардың Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ, сондай-ақ Еуропа нарықтарына шығуы үшін маңызды алаң бола алатынына сенім білдірді. Осыған байланысты «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында Малайзия сауда үйін құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Р. Қарагойшин Малайзияның Proton компаниясын Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібін дамытуға тарту мәселесі туралы хабардар етті. Бірлескен өндіріс Қазақстан экономикасында жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға ықпал ететін мультипликативтік әсер береді деп күтілуде.
Аталған инвестициялық және технологиялық жобадан бөлек, «Бәйтерек» холдингінің делегациясы Малайзияның қаржы секторымен, даму институттарымен және шағын және орта бизнесті қолдау ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады.