Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев «Almaty Management University» университетінің президенті әрі негізін қалаушы Асылбек Қожахметовпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде қазақстандық және малазиялық жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды орнату және кеңейту мәселелерін талқылады. Академиялық алмасу мүмкіндіктеріне, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ басқару және қолданбалы білім беру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
Елші Малайзиямен білім беру саласындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, малазиялық университеттердің жоғары әлеуетін және кадр даярлаудағы тәжірибеге бағдарланған тәсілін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде «Almaty Management University» университетінің президенті жоғары оқу орнының қол жеткізген жетістіктері туралы ақпарат беріп, университеттің ТМД кеңістігінде MBA бағдарламалары бойынша басқарушылық кадрлар даярлау саласындағы жетекші оқу орындарының бірі ретінде танылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Малайзияның бейінді білім беру мекемелерімен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.
А. Қожахметов AlmaU университетінің негізгі халықаралық білім беру іс-шараларына жүйелі әрі белсенді түрде қатысып, жаһандық кәсіби қауымдастық аясында өзінің академиялық және сараптамалық күн тәртібін ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Осы орайда ол 2026 ж. 12-14 қаңтар аралығында Куала-Лумпур қаласында өтетін «IAUP Asia Pacific Regional Conference» іс-шарасына баяндамашы ретінде қатысу жоспарланып отырғанын хабарлады.