
2025 жылғы 26 қарашада «Қазақстан–Малайзия» достық тобының кезекті кездесуі бейнеконференция форматында өтті. Малайзия тарапын Малайзия Сенаты Төрағасының орынбасары Нұр Джазлан Мохамад, қазақстандық тарапты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев басқарды.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға, логистикалық маршруттарды жетілдіруге және цифрлық интеграцияны ілгерілетуге, оның ішінде заманауи Жібек жолы бастамаларымен үйлестіру әлеуетіне ерекше назар аударылды. Екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстар орнату және инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеу мақсатында бизнес-делегациялар алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
Талқылаудың жеке бөлігі білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналды. Малайзия тарапы Қазақстанда жетекші малайзиялық университеттердің филиалдарын ашуға, сондай-ақ малайзиялық медицина студенттерін қазақстандық жоғары оқу орындарында оқытуға мүдделілік білдірді.
Тараптар жаңа бастамаларды жүйелі түрде қолдауға және басым салалардағы өзара іс-қимылдың болжамдылығын арттыруға мүмкіндік беретін шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.
Малайзия тарапы қазақстандық парламенттік делегацияны Куала-Лумпурға ресми сапармен келуге шақырып, мазмұнды диалогты жалғастыру және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту ниетін білдірді.