Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Кедах штатының Балық шаруашылығы департаменті Лангкави аралының су айналасында улы қорап медузаларының (кубомедузалардың) көшуіне байланысты демалушылар үшін қауіптің артқаны жөнінде ресми ескерту жариялағанын хабарлайды https://www.malaymail.com/news/malaysia/2025/11/20/box-jellyfish-spotted-in-langkawi-waters-kedah-fisheries-warns-of-danger-to-beachgoers-and-fishermen/199013 .
Ресми мәлімдемеде Департамент аталған акваторияда кубомедузалардың бар екендігін растап, олардың таралу деңгейін «орташа» деп бағалады. Бұл деңгей жағажайлардың толық жабылуын талап етпегенімен, судағы демалыс, балық аулау және өзге де су белсенділіктері кезінде сақтық шараларын күшейтуді қажет етеді.
Теңіз ағындарының ерекшеліктері мен мол жауын-шашынға байланысты бұл жәндіктер тек ашық теңізде ғана емес, жағалауға жақын таяз аймақтарда да кездесуі мүмкін екенін атап өтеміз. Қалыптасқан жағдай бойынша Өңірлік төтенше жағдайлар комитетімен бірлесіп мониторинг жүргізілуде.
Кубомедузалар ең қауіпті теңіз организмдерінің қатарына жатады: олардың уы бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейінгі қысқа уақыт ішінде жүйке жүйесіне, өкпеге және жүрекке кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты Елшілік Лангкави аралында және көршілес жағалау демалыс аудандарында жүрген туристерге:
- судағы демалысты жоспарлау кезінде барынша сақ болуды;
- қорғаныс жүзу киімдері мен теңізге арналған аяқ киім қолдануды;
- өңірлік билік органдарының хабарламаларын мұқият бақылауды;
- қауіпті теңіз жәндіктеріне қатысты ресми ақпарат пен ағымдағы тәуекелдер бойынша қонақүй қызметкерлерінен кеңес алуды ұсынады.
Кубомедузаға жанасқан жағдайда, сарапшылар:
- судан дереу шығып, жедел жәрдем шақыру (999);
- зақымданған жерді сірке суымен немесе лидокаинмен, олар болмаған жағдайда теңіз суымен шайып өңдеу;
- жедел жәрдем келгенге дейін жарақаттанған аяқ-қолдың қозғалысын барынша шектеу ұсынады.