2025 жылғы 4 қараша, Куала-Лумпур. Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Сабах штатындағы Малайзия Халықаралық сауда және өнеркәсіп палатасының аймақтық бөлімшесінің өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің практикалық қадамдарын талқылады. Әңгіме өндірістік кооперацияны дамыту, логистикалық байланыстарды нығайту, туризм алмасуын кеңейту және жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналды.
Сабах штаты елдегі мұнай, табиғи газ және пальма майын өндірудің басты орталықтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен, ағаш өңдеу, тамақ өнеркәсібі және жаңартылатын энергетика бағыттары белсенді дамып келеді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Малайзияның, соның ішінде Сабах штатының стратегиялық географиялық орналасуы атап өтілді. Сабах Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағын жалғайтын теңіз жолдарының торабында орналасқан және заманауи порттар мен логистикалық инфрақұрылымға ие. Бұл жағдай Сабахты бірлескен жобаларды жүзеге асыру және Қазақстанның АСЕАН аймағына бағытталған экспорттық маршруттарын кеңейту үшін келешегі зор алаңға айналдырады.
Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы тұрақты тікелей әуе қатынасы, сондай-ақ Қазақстандағы қолайлы іскерлік ахуал мен инвесторларды қолдау шаралары Малайзия туристері мен инвесторлары үшін Қазақстанды жаңа әрі тартымды бағыт ретінде ілгерілетуге кең мүмкіндік ашады. Бұл, өз кезегінде, малайзиялық бизнестің Қазақстан нарығына енуіне және одан әрі көршілес өңірлерге кеңеюіне жол ашады.
Тараптар Сабахта Қазақстан нарығын ілгерілету және Қазақстанға іскерлік миссиялар ұйымдастыру бойынша мақсатты жұмысты жалғастыруға уағдаласты.