Куала-Лумпур, 2025 жылғы 28 қазан - Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның дипломатиялық миссияларының басшылары Малайзияның орта буын компаниялары консорциумы (MCMTC) делегациясымен кездесу өткізді.
MCMTC – Малайзияның экспортқа бағытталған, халықаралық әріптестік пен орнықты өндіріс-өткізу тізбектерін дамытуға ден қойған жетекші орта буын компанияларын біріктіретін стратегиялық альянс болып табылады. Консорциум Малайзия өнімдері мен технологияларын жаһандық нарықтарға ілгерілетуді белсенді жүзеге асырып келеді.
Іс-шара MCMTC бизнес-миссиясының Орталық Азия елдеріне жоспарланған сапарына дайындыққа арналды. Аталған сапар ағымдағы жылдың қараша айында өтеді. Делегация Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне баруды жоспарлауда. Қазақстандағы бағдарлама аясында делегация Алматы қаласында өтетін халықаралық азық-түлік көрмесіне – «QazFood Expo» қатысып, мемлекеттік органдармен, қала әкімдігімен, АХҚО және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Қазақстан Елшісі Болат Сүгірбаев өз сөзінде Орталық Азияның малайзиялық бизнес үшін ең әлеуетті бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Аймақтың экономикалық әлеуеті зор әрі Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа нарықтарын байланыстыратын тиімді географиялық орналасуға ие. Малайзиялық компаниялар үшін Қазақстан мен Орталық Азия жаңа, бірақ инвестициялар мен өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктер ашатын перспективалы бағыт болып табылады», – деді Елші.
Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың басым бағыттарын, оның ішінде азық-түлік саудасын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика, жаңартылатын энергетика және цифрлық технологиялар салаларын талқылады. Сонымен қатар, Қазақстанның өңірдегі Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орта дәліз бойындағы маңызды көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.
Өз кезегінде MCMTC Президенті Мартин Тан малайзиялық компаниялардың аймақтағы қатысуын кеңейтуге мүдделілігін білдіріп, Орталық Азия бизнесімен ұзақ мерзімді серіктестік қатынастар орнатуға дайын екенін атап өтті.
Кездесу өзара қызығушылық пен сындарлы диалог рухында өтіп, тараптардың серіктестікті нығайтуға және Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі практикалық қадамдарды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті.